Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында Ғұламалар кеңесінің чайлдфриге қатысты үкім жарияланды.
"Бүгінде чайлдфри иделогиясы әлеуметтік және мәдени тұрғыдан өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бұл көзқарасты жақтаушылар балаларды жек көрмейді. Алайда олар көбіне бала тәрбиесіне жұмсалатын шығындардан қашуды, қосымша жауапкершілікті мойнына алмауды, жеке еркіндік пен кәсіби дамуды алдыңғы орынға қоюды, сондай-ақ "менің денем – менің құқығым" деген идеологияны негізгі себеп ретінде алға тартады", – делінген діни басқармасының түсіндірмесінде.
Дегенмен, шариғат бұл субмәдениет түрін құптамайды. Діни басқарманың жазуынша, Исламда балалы болу – ерлі-зайыптыларға ортақ құқық. Сондықтан олардың бірі бала сүюді қаласа, екінші тарап оған тыйым сала алмайды. Тек бала тәрбиесіне дайындалу немесе денсаулықты қалпына келтіру сынды орынды себептермен жүктілікті уақытша кейінге қалдыруға рұқсат етіледі.
Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылардың өзара келісімі болуы және қолданылатын тәсілдердің денсаулыққа зиян келтірмеуі шарт. Ал тек жауапкершіліктен қашу немесе кедейліктен қорқып жүктіліктен әдейі бас тарту шариғатта құпталмайды. Сондай-ақ ұрпақсыздыққа әкелетін, жүктілікті біржолата болдырмайтын кез келген тәсілдер шариғатта харам болып саналады
Шешімдер:
- Чайлдфри идеологиясы ислам шариғатына, адам табиғатына және неке мақсатына қайшы.
- Жүктілікті болдырмау немесе кейінге қалдыру тек мәжбүрлі және шариғат талабына қайшы келмейтін жағдайда ғана рұқсат етіледі.
- Әдейі жүктілікті біржолата болдырмайтын кез келген тәсілдерге тыйым салынады.

