Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди БРИКС елдерінің жаһандық басқаруды реформалау және көпжақтылықты нығайту мәселелеріне арналған жабық сессиясында жаһандық басқару құрылымын өзгерту жөнінде бірқатар ұсыныс айтты.
Нарендра Моди БРИКС аясында сабақтастық пен бастамаларды іске асыру тетігін (BRICS Continuity and Implementation Mechanism) құруды ұсынды. Оның айтуынша, бұл механизм "үштік" форматы арқылы – өткен, қазіргі және болашақ төрағалық етуші елдердің қатысуымен – бастамалар мен саммит қорытындыларының үздіксіз жүзеге асуын қамтамасыз етуі тиіс.
Сондай-ақ Үндістан премьері әр бастама бойынша жауапты тарап, орындау мерзімі мен жүзеге асу мәртебесі көрсетілетін қорғалған цифрлық репозиторий құруды ұсынды.
"Бүгінгі жаһандық басқару құрылымы пирамидаға ұқсайды. Оның жоғарғы бөлігінде билік пен шешім қабылдау үдерістері шоғырланған, ал төменде сол шешімдердің салдарымен бетпе-бет келетін, бірақ олардың қалыптасуына ықпал ете алмайтын елдер тұр. Біз бұл пирамиданы әр елдің дауысы естілетін, әр қатысушы өз жауапкершілігіне ие болатын және барлық күш-жігер адамзаттың дамуына бағытталатын серіктестік платформасына айналдыруымыз керек", – деді Нарендра Моди.
Үндістан премьер-министрінің айтуынша, биыл БРИКС құрылғанына 20 жыл толды. Осы кезеңде бірлестік әлемдік аренадағы бірегей рөлін күшейтіп, елдердің ұстанымдарын құрметтеу және консенсус негізінде даму қағидаттарын қалыптастырған.
Нарендра Моди келесі саммитке дейін жаһандық басқаруды реформалау бойынша 10 ұсыныстан тұратын жол картасын бірлесіп әзірлеуді ұсынды.
"Бұл жол картасын дайындау кезінде үш негізгі бағытқа – өкілдік ету, әрекет ету жеделдігі және ережелерді қалыптастыруға назар аудару қажет", – деді ол.
Сонымен қатар Үндістан премьері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселе бойынша келіссөздер нақты мерзімдер мен нақты нәтижелерге негізделуі керек.
Сауда, инвестиция және технологиялық ынтымақтастық. Үндістанда бүгін БРИКС саммиті басталады
Тоқаев Үндістанда өтетін БРИКС саммитіне қатысады