Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов арнайы мәлімдеме жасап, Маңғыстаудағы қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
"Мен өз атымнан, Қорғаныс министрлігі және Қарулы күштердің бүкіл жеке құрамы атынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Отбасылардың қайғысын түсінемін. Қоғамның бізге қойып отырған талап-сұрақтарын да түсінемін. Біз жауапкершіліктен жалтармаймыз. Ата-аналардың өз ұлдарын бізге сеніп тапсырғанын, ал бүгін орны толмас қазаға ұшырап отырғанын жеткізу маған да өте ауыр тиіп отыр", – деді министр.
Қорғаныс министрі қайғылы жағдайға әкелген адамдар түгелдей жауапқа тартылатынын шегелеп айтты.
"Қара жамылған отбасылармен үнемі байланыстамыз, оларға барлық қажетті көмек көрсетіп жатырмыз. Қаза тапқан әскери қызметшілердің, олардың отбасыларын және қоғам алдындағы міндетімізді түсінеміз. Арыстай азаматтарынан, ұлдарынан айырылған әр отбасының қайғысына ортақпын. Әскери міндетін атқаруда қаза тапқан азаматтарымыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", – деді Дәурен Қосанов.
Каспийдегі қайғылы оқиға: Сарбаздардың бірі жағаға өзі жүзіп жетіп аман қалды
Каспийде қаза болған сарбаздардың жақындарына ұшақ билеті тегін беріледі