Тікелей эфир

Биыл Нұр-Сұлтанда 15 мектеп салынады. Қалада оқушылар саны бірден 18 мыңға артады деген болжам бар

Астана әкімі Алтай Көлгінов ұстаздар санын арттыру үшін қосымша гранттар бөлінгенін хабарлады.

Елордада 2021 жылы 7 мың оқушы мектеп бітірсе, 25 мың оқушы білім ордасының табалдырығын аттайды деп болжанып отыр. Сәйкесінше, қалада мектеп оқушыларының саны 18 мыңға артпақ. Осы орайда, үш ауысымдағы және толы мектептер мәселесін шешу үшін тағы 15 мектеп салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

"Өзекті мәселелердің бірі – мектептер құрылысы. Қалада тұрғындар саны көбейген сайын балалар саны артып отыр. Мысалы, 2010 жылы 74 мың оқушы болса, 2020 жылы оқушылар саны 193 мыңға жетті. Ал биыл оқушылар саны 200 мыңнан асады. Он жылдан кейін 400 мың бала мектепке барады деген болжам бар", – дейді Алтай Көлгінов. 

  • 2019 жылдың мамыр айында 5 мыңнан астам оқушы мектеп бітірсе, қыркүйекте 24 мың бала білім ордасының табалдырығын аттады;
  • 2020 жылдың мамыр айында 6 мыңнан астам оқушы оқуын тәмамдаса, қыркүйекте 21 мың оқушы мектепке барды;
  • 2021 жылдың мамыр айында 7 мың оқушы мектеп түлегі атанса, 25 мың оқушы мектеп табалдырығын аттағалы отыр. 

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда оқытушы тапшы. Қандай пән мұғаліміне сұраныс көп?


Сондай-ақ, қала басшысы мектептегі балалар саны көбейген сайын мұғалімдерге түсетін салмақтың артатынын еске салды. 

"Статистикалық мәліметтерді ескерсек, біз көбірек мектеп салуымыз қажет. Осы орайда 2019 жылы – 6, 2020 жылы – 11 мектеп құрылысын аяқтадық. Биыл 40 мың оқушыға арнап 15 мектеп салып жатырмыз. 2021 жылы құрылысы толықтай аяқталады. Осылайша біз үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешеміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, жаңа мектептер салу арқылы үш ауысымдағы мектептер санын екі есе азайттық. Нақтырақ айтсам, үш ауысымдағы мектептер саны 8-ден 4-ке дейін, оқушылар шектен тыс көп мектептер саны 24-тен 14-ке дейін қысқарды. Бірақ мұнымен барлық мәселе шешілмейді. Егер жыл сайын уақытылы түрде мектептер салмайтын болсақ, үш ауысымдағы мектептер мен оқушыларға толы білім ордаларының саны көбейе беретін болады", – деді қала басшысы. 

Сондай-ақ, Алтай Көлгінов педагогтер санын көбейту мақсатында "ұстаз" мамандығы үшін қосымша гранттар бөлінгенін хабарлады. Нарықта сұраныс бар тағы басқа мамандықтарға грант бөлінген. 

Еске салсақ, Нұр-Сұлтанда биыл әлеуметтік мұқтаж отбасыларға 10 мың пәтер беріледі. Қолжетімді баспана құрылысы қалада 3 есе артқан.  

Серіктестер жаңалықтары