Тікелей эфир

Елордада биыл әлеуметтік мұқтаж отбасыларға 10 мың пәтер беріледі. Қолжетімді баспана құрылысы қалада 3 есе артқан

Қала әкімі Алтай Көлгінов жұмыс істеп жүрген жастарға мың пәтер бөлінгенін айтты.

2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласында мұқтаж отбасыларға 10 мың әлеуметтік қолжетімді баспана табысталады. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов мәлімдеді.

"Қаламыздың тұрғындарының саны көбейген сайын баспанаға сұраныс та артып келеді. Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен, мұқтаж азаматтарды үймен қамтамасыз етуіміз қажет. Президент тапсырмасына сәйкес, қолжетімді баспана құрылысын үш есеге дейін арттырдық", – деді Алтай Көлгінов. 

Елордада:

  • 2018 жылы – 1 100 пәтер;
  • 2019 жылы – 2 900 пәтер;
  • 2020 жылы – 7 000 пәтер берілген. 

Биыл 10 мың пәтер әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен, ең алдымен кезекте тұрған азаматтарға, "Отбасы" банк салымшыларына" үлестіріледі. 


Оқи отырыңыз: "Елорда жастары" тұрғын үй бағдарламасының талаптары белгілі болды


Сондай-ақ, қала басшысы алғашқы жарна көлемінің бір миллионнан бір жарым миллион теңгеге дейін өскенін хабарлады. 

"Екінші деңгейлі банктермен келісім жасастық. "Отбасы" банкпен де тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстандық ипотека компаниясымен бірігіп әлеуметтік сала қызметкерлеріне мың пәтер бөлдік. Олар – медицина, өрт сөндіру, полиция, мәдениет және спорт, төтенше жағдай салаларының қызметкерлері", – деді әкім. 

Бұдан өзге Көлгінов Елбасы тапсырмасымен жұмыс істейтін жастарға мың пәтер бөлінгенін хабарлады.

Серіктестер жаңалықтары