Тікелей эфир

Биыл баспа саласына құйылатын инвестиция 39% төмендеді. Баспагерлер шетелдік кітаптың көптігіне алаңдаулы

Соңғы үш айда осы салаға кәсіпкерлер 13 миллион теңге қаражат құйған.

Елімізде баспа саласына құйылатын инвестиция көлемі жыл сайын азайып барады. Мысалы, соңғы үш айда осы салаға кәсіпкерлер 13 миллион теңге қаражат құйған. Оның ішінде кітап шығаруға 7 миллионнан астам теңге, басылымдарға 6 миллионға жуық қаржы бөлінген. Бұл былтырғы жылғы осы мерзіммен салыстырғанда 39 пайызға төмен. Инвестиция Алматы мен Астана қалалары, Жетісу, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарына тартылған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.  

Алматыдағы Алқа баспасы қыз-келіншектерге арналған оқулықтар мен әдеби көркем туындыны шығарады. Мұндағы мамандар соңғы жылдары әлемдегі геосаяси жағдай баспа саласына да біраз ауыртпалық тигізгенін айтады. Өйткені басқаны қойғанда қағаздың өзі көрші Ресейден не Еуропа елдерінен әкелінеді. Ал салаға инвестиция тартайын десе, қаржы құю тиімсіз.

"Мысалы баспаларда бір кітап қазақ және орыс тілінде тұрса көбі орыс тіліндегі кітапты таңдайды. Яғни, қазақ тіліндегі кітаптарға әлі де сұраныс жоқ. Ресейден келетін кітаптар нарықты жаулап алған. Ал олар үлкен тиражбен шығарған соң оның өзіндік құны да арзан болады. 2 мың, 3 мың данамен шығаратын бізге бір кітаптың құны екі есе қымбатқа түседі. Сол үшін Ресейден келетін орыс тіліндегі кітаптардың сатылымына лимит қою керек шығар", – деді ALQA PUBLISHING контент үйінің бас редакторы Баян Хасанова. 

Қазір көпшілік арасында кітап оқуға қызығушылықтың төмендеуі де баспа саласының дамуына тұсау болып тұр. Мамандар көркем әдебиетті сатып алу түгілі кітапханаға барып кітап оқитындардың қатары аз деп отыр. Бұны тұрғындардың өздері де мойындайды. Ересектер жағы жұмыстан қол босамайтынын айтса, жастар әлеуметтік желілерде уақыт өткізгенді қалайды. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі еліміздегі баспа саласын нарық реттеуі тиіс дейді. Бірақ баспагерлер мен жазушыларды ынталандыру мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастырылатынын айтады. Сондай-ақ мемлекет қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару бойынша ғана қолдау көрсете алады екен.


Оқи отырыңыз: 2024 жылы Мәдениет министрлігі оқу орындарының 16 студенті президент стипендиясын алады


"Баспалардың проблемасын өзіміз де біліп отырмыз. Мысалы әлемдегі жағдайға байланысты қағаз мәселесі, өндіріс мәселесі белгілі қиындықтарға тап болып жатыр. Біз енді өз тарапымыздан өзіміздің қолымыздағы бағдарламалар аясында баспалардың төлейтін қаражат лимитін көтеру мақсатында жұмыстар жасалып жатыр", – деді  ҚР Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет. 

Яғни, баспагерлер заман талабына сай жылжып, сұранысқа ие кітаптарды шығарумен айналысу керек дейді жауапты комитеттің өкілдері. Ең бастысы азаматтардың кітап оқу мәдениетін арттыру үшін бірлесе жұмыс істеу керек екенін айтады. Баспа саласына құйылатын инвестиция көлемі де соңғы үш айда күрт азайған. Мәселен, қаңтардан наурызға дейін кәсіпкерлер бар-жоғы 13 миллион теңге қаражат құйған. Оның ішінде кітап шығаруға 7 миллионнан астам теңге, басылымдарға 6 миллионға жуық қаржы бөлінген. 

Серіктестер жаңалықтары