Тікелей эфир

Қазақ тарихындағы қызықты деректер. Инфографика

Сурет martebe.kz сайтынан алынды
Сурет martebe.kz сайтынан алынды
Әдебиет тарихшысы, алаштанушы ғалым Заңғар Кәрімханның "Қазақ тарихы. Инфографикалық деректер" кітабы жарық көрді.

Кітаптың алғысөзін жазған журналист Азамат Қасымның баяндауынша, инфографикамен өрілген бұл кітап – сурет пен сөздің үйлесімі, дерек пен ойдың синтезі.

"Үнемі ізденісте жүретін Заңғар әріптесіміз инфографикалық деректерді өзінше байытып, өзінше кестелеп, "қошқар мүйіз салып, үкі, маржан тағыпты". Ең бастысы, сірескен инфографиканы кәнігі шеберлердей қалағанынша иіп, бойына жан кіргізіп, қан жүгіртіп, қазақы рең беріпті. Тағы бір өзгешелік кітапқа есім-сойы елге белгілі тұлғалардан бөлек еңбегі мен ерлігі олардан кем соқпаса да, елеусіз, ескерусіз қалған адамдардың енгені", – деп жазады Азамат Қасым.

Бұл ерекше еңбек 6 бөлімнен құралған:

  • Ұлылар жолы;
  • Алаш айнасы;
  • Жер үшін жанталас;
  • Соғыстар хроникасы;
  • Тәуелсіздік тұғыры;
  • Астана айшықтары.

Әр бөлім тақырып аясының кеңдігімен, өзгеше нақыштарымен көз тартады. Алғашқы бөлімде Жәнібек хан, Бұрындық хан, Қасым хан, Мамаш хан, тұңғыш сәулетші Баязит Сәтбаев туралы тұщымды деректер берілген. Қазақтан шыққан тұңғыш ғалым Шоқан Уәлихановтың жүріп өткен жолдары карта ретінде сызылған.


Шоқан жолы

Шоқан жолы


"Алаш айнасы" бөлімінде аты айтып тұрғандай алаш қайраткерлері, алаштың беймәлім тұлғалары жайында құнды мәліметтер ұсынылған. Көбіміз жөнді біле бермейтін қазақ меценаттарының толық тізімі де – осында. Ұлты үшін жандарын құрбан еткен алаш арыстарының соңғы суреті көңіліңізді жабықтырғанымен, қаймықпастан қасқая қарап сөйлеген соңғы сөздері рухыңды қамшылайды.

Автор "Қажымұқан жайлы қызықты деректер" деген инфографикасында атақты балуанның бітіміне жан-жақты тоқталып, тіпті үстіңгі және астыңғы еріндерінің қанша сантиметр болғанына дейін тәптіштеп жазады. Жалпы, тұлғатану деген дүние шет елде жақсы жолға қойылған. Олар өздерінің бетке ұстар адамдарын басынан бақайшағына дейін дерліктей мұқият зерттеп-зерделейді. Жұртты сүйіндірген жетістіктерімен қоса елді күйіндірген кемшіліктерін де жасырмайды.

"Соғыстар хроникасы" бөлімінде қан қасаптың атауына дәл, нақты баға берілуімен қатар осы майданда ересен ерлік көрсетсе де, бағаланбай ұмыт қалған батырлар жөнінде қызықты мәліметтер бар. "Жер үшін жанталас" бөлімінде Әлімхан Ермекұлы мен Владимир Лениннің, Жұмабек Тәшенев пен Никита Хрущевтің айқасы, жер үшін болған шайқасы көрсетіледі.

Кітапта Ауған соғысының батырлары, Тәуелсіздік жылдарында тілдің, ділдің тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалар, мемлекеттік рәміздеріміз, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы ескерткіштер мен көшелер туралы да құнды мағлұматтар жетерлік.

Алаштанушы Заңғар Кәрімханның еңбегіндегі бірқатар инфографиканы оқырман назарына ұсынамыз.


Қасым хан

Қасым хан



Шоқыр Бөлтекұлы

Шоқыр Бөлтекұлы



Қазақ шекарасын белгілеу

Қазақ шекарасын белгілеу



Қаражан Үкібаев

Қаражан Үкібаев


Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары