Тікелей эфир

"Бір тұлғаға – бір тақта": Қазақстанда мемориалдық тақта орнатуға талаптар күшейеді

Қайтыс болған көрнекті тұлғаға тақта орнату үшін арада кемі 5 жыл уақыт өтуі тиіс.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанда өмірден өткен белгілі тұлғаларға не тарихи оқиғаларға мемориалдық тақта орнату тәртібін жүйелеу мақсатында жаңа талаптар енгізуді жоспарлап отыр. 

Жаңа ереже жобасына сәйкес, ғимараттарға мемориалдық тақта орнатылуы үшін көрнекті тұлға онда кемі 10 жыл тұрғаны не жұмыс істегені расталуы тиіс. 

Сондай-ақ, көрнекті тұлғаларға мемориалдық тақта орнату үшін ол өмірден өткеннен кейін кем дегенде 5 жыл уақыт өтуі тиіс. Дегенмен, бұл талап мемлекет тәуелсіздігін күшейтуге аса маңызды үлес қосқан, қаһармандық пен ерлік көрсеткен тұлғаларға және тарихи маңызы бар оқиғаларға қатысты қолданылмайды. 


Оқи отырыңыз: Ел ұнатпаған ескерткіштер: Ұсқынсыз мүсіннің көбейгеніне кім кінәлі?


Ереженің жаңа нұсқасында өңірлерде қойылатын тақта санына да қатысты шектеу енгізілген. Атап айтқанда, енді бір елді мекенді бір көрнекті тұлғаға не ерекше оқиғаға бір ғана тақта орнатуға рұқсат етіледі. 

Бұл ретте мемориалдық тақталарды орнату ҚР Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі № 1465 қаулысымен айқындалған көрнекті тұлғалардың мерейтойлық және атаулы күндеріне, маңызды тарихи оқиғаларға орайластырылатыны ескертілген. 

"Жергілікті атқару органдардың ақпаратына сәйкес, өңірлерде мемориалдық тақталар орнату жағдайлары жиілеп кетті. Құжат мемориалдық тақталарды шамадан тыс және барлық жерде орнату жағдайларын болдырмау мақсатында әзірленді", – делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің түсіндірмесінде. 


Оқи отырыңыз: Заманбек Нұрқаділовтің ескерткіші Кегеннің қай тұсына қойылады


 

Серіктестер жаңалықтары