Тікелей эфир

Ел ұнатпаған ескерткіштер: Ұсқынсыз мүсіннің көбейгеніне кім кінәлі?

Коллаж: Информбюро
Коллаж: Информбюро
Мәдениет комитетінің мәліметінше, ескерткіш арнайы комиссияның қарауынан өтпеген, конкурс жариялау алдында рұқсат алынбаған.

Биыл Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойында өзі туған Жаңаарқа ауданында ескерткіш қойылды. Әлеуметтік желіде дене бітімі дұрыс сомдалмаған жазушының мүсіні қызу талқыланды. Ескерткіштің ашылуына Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қатысқан болатын. Кейінірек Жаңаарқа ауданының әкімі ескерткіш бұзылып, орнына жаңасы қойылатынын хабарлады. 

Бұл – көпшіліктің көңілінен шықпаған бірінші ескерткіш емес. Осыған дейін Бақанас ауылында тұрғызылған Қонаевтың мүсіні, Нарынқол елдімекенінде қойылған Мұқағалидің мүсіні, Семейдегі Мәншүк Мәметованың ағаш мүсіні дау туғызды. Миллиондаған ақша жұмсалатын ескерткіштердің сапасы неге сын көтермейді? Бұған біліксіз мүсінші кінәлі ме, әлде немқұрайлы қарайтын жергілікті әкімдіктер ме? Informburo тілшісі бұл сұрақты сарапшыларға қойды.

Аманат Назарқұл, суретші-мүсінші:

– Мүсіндердің оғаш шығып жатқаны – суретшінің кәсіби деңгейінің төмендігі. Деңгейі жоғары, мықты суретші болса жұмысы тамаша шығады. Образ да адамның тұлғасымен байланысады. Қазақстанда, әсіресе өңірлерде, аудандарда сондай оғаш мүсіндер қаптап кетті. Жергілікті мүсінші әкімшілікпен келіседі. Мемлекеттік комиссиядан өтпей ескерткішті қоя салады. Мұндай мысалдар өте көп.

Пандемия кезінде Таразда Айша бибіге ескерткіш қойыпты. Айша бибі – махаббаттың символы. Күйеуге шықпаған, жіңішке, жас сұлу қыз болған. Сондай керемет образды төрт бала туған әйел сияқты орта бойлы, толық мүсін қылып қойыпты. Сол кезде Тараздың журналистері хабарласты. Мүсіншінің кім екенін аңғардым. Суретшілер одағында жоқ, өзінше бір суретші бар. Аудандарда, ауылдарда батырлардың, сол жерге белгілі тұлғалардың мүсінін салады. Бүкіл Жамбыл облысын қаптатып жіберген. Айша бибінің де мүсінін қойыпты. Жазда барғанда әкімнің орынбасарына мұның ұят екенін айттым. Халық шулап-шулап қойды. Мүсін әлі тұр. Биіктігі екі метр, асты қап-қара мәрмәр. Қырық миллион теңгеге тұрғызылған, өте қымбат.

Атырауда да Фариза Оңғарсыноваға қойылған ескерткішті де қатты сынады. Денебітімін үлкен қылып қойған. Әйел баласы жіңішке, нәзік болады. Сол нәзіктік жоқ, дөрекі жасалған. Образ жоқ болғаннан кейін халықтың ойынан шықпайды. Халық шулайды, ал әкімдік ақша кеткен ескерткішті алып тастайды. Сондықтан әр жұмыс мемлекеттік комиссиядан, сүзгіден өтуі керек.

Адамның образын шығару қиын. Бұл абстрактілі композиция емес, реализм, классикалық үлгіде істелінуі керек. Таразда Төле бидің мүсінін қойдым. Сол кездегі "Егемен Қазақстан" газетінің президенті Сауытбек Абдрахманов Қазақстанда ең мықты бес мүсінге кіреді деп жазған. Ақын-жазушы, батыр болса да адамның образы классикалық үлгіде істелінуі керек. Қандай материалдан сомдалатынына да қарау қажет. Бетоннан жасай салуға болмайды. Пластик те көпке бармайды, он жылдан кейін сынып қалуы мүмкін. Мүсін мәңгілікке қойылуы керек. Сондықтан философ Лао-Цзы біздің дәуірімізге дейін 500 жыл бұрын "мүсінші қателеспеуі керек" деп айтып кеткен. Біз өлеміз, бұл өмірден кетеміз, ал мүсін мыңдаған жыл қасқайып тұрады. 


Оқи отырыңыз: 55 және 145 миллион теңге. Абай ескерткіштерінің құны неге екі түрлі?


Юржан Бекқожин, Жаңаарқа ауданының әкімі:

– Жаңаарқа кентінде Ақселеу Сейдімбекке арналып ескерткіш бой көтерген болатын. Бұл ескерткішті Ақселеу Сланұлының інісі Асылхан Сейдімбек өз қаражаты есебінен жасатып, барлық құжаты дұрыс екенін жеткізген. Әкімдік тарапынан бұл мүсінге 1 тиын да бөлінген жоқ. Орнатқан Ақселеу ағамыздың ағайын-туысы және ескерткіштің эскизі де бізбен келісілмеді.

Жаңадан ашылған ескерткішке қатысты азаматтар тарапынан бірқатар наразылық туындады. Ақселеу мүсіні менің де көңілімнен шықпады. Ескерткішті көргенде менің де жүрегім ауырды. Осыған орай, ескерткішті тапсырыс берушілерге қайтару туралы шешім қабылданды. Орнына талапқа сай, тұлғаның бейнесіне сәйкес келетін ескерткіш қою үшін тиісті шаралар қолданылады.

Кешеден бері олқы шыққан ескерткіш жайлы қазақтың әр азаматы өз ойын айтып, жанашырлық танытып жатыр. Ескерткішті орнынан алып, мүсінді қайта жаңғырту шараларын қолданамыз. Ақселеу ағамыздың ағайын-туысымен кездесіп, барлық жағдайды түсіндірдім, ұсынысымды айттым. Көңілге қонымсыз жасалған мүсінді бұзу жұмыстары басталды.

Фото: Юржан Бекқожиннің Facebook парақшасынан

Ғалымжан Құсманғали, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары:

– Ақселеу Сейдімбекке арналған ескерткіш, өкінішке қарай, әрине, көркемдік орындалуы сын көтермейді. Осыған байланысты, аздаған түсінік беру орынды болар.

Біріншіден, ескерткіш не облыстық, не республикалық комиссияның қарауынан өткен жоқ, яғни, бірде-бір құзырлы мемлекеттік орган оны мақұлдаған жоқ. Дегенмен, эскизі ауызша түрде аудан әкімімен келісілген болатын.

Екіншіден, ескерткішті жасап, орнатуға бюджеттен бір теңге де жұмсалмаған. Толығымен демеушілердің қаржысына істелген.

Үшіншіден, ең бастысы, Ақселеу ақсақалдың туған-туыстары ескерткіш жасауға тапсырыс берген. Облыс әкімдігі бұған араласқан жоқ. Бұл түсініктемені жазудың себебі ақталу емес, бірақ түсінік беру. Енді бұл мәселемен аудан болып, облыс болып айналысамыз, орын алған олқылықты түзетеміз.


Оқи отырыңыз: Солтүстік Қазақстанда Мағжан Жұмабаев пен Шоқан Уәлихановтың ескерткіші қоқыста жатыр


Қалила Омаров, кинорежиссер:

– Мүсін өнерінде дәл пропорциясын табу талантты суреткердің ғана қолынан келеді. Көбісі солардың көзқарасын пайдаланады. Бұл құйтырқы жағдай. Өмірдегі адамның дәл көшірмесін айнытпай жасағанмен, оның образы шықпайды. Көзге қабылдану заңы бар. Сол бойынша кейіпкердің денебітімін әсірелеу кезінде, көп жағдайда, артық қыламын деп, тыртық болатыны осыдан. Қонаевтың тас мүсіні шуы да соның көрінісі.

Ақселеу ағаның мүсінін өзгерту туралы айтар болсам, аяғының астындағы 15 см тұғырды алып тастап, балтырын ұзарту керек. Негізі пластилин кезінде шеберлерге көрсетіп түзететін дүние.

Тығылып шедевр жасау тенденциясы – мүсін өнерінің трагедиясы. Мұның астарында әр рудың тұлғасын сол рудан шыққан адамға жасатамыз дегендерді де көріп жүрміз.

Қали Сәрсенбай, "Ана тілі" газетінің бас редакторы:

– Ескерткіші еңкіш елдің еңсесі ешқашан көтерілмейді. Қазір қоғамда ұлт руханиятының ұлы жоқшысы Ақселеу Сейдімбекке (қазақтың көшпелі өмір салтының сүт кенжесі  Ақаңның өз сөзі) орнатылған ескерткіш жөнінде есті, ессіз әңгіме гулеп тұр. Оның себебін іздеу түк қиындық тудырмайды. Бұл елде барлық салада, әсіресе, рухтың, руханияттың тоқырауға түсуі, дағдарысқа ұшырауы (рухани эпидемия) қай кезден басталғанын есіңізге түсіріңіз. Соның ішіндегі ең қауіптісі – рухани-мәдени дағдарыс.

"Мен министрден қорықпаймын, министрдің мәдениетінен қорқамын" дегенді Шәкен Айманов жай айта салмаған болар. Меніңше, елдегі орнатылмақ кез келген ескерткіш, белгілі бір тақырыпқа, әсіресе тұлғаларға, тіпті кірпіш зауытының алдына қойылатын ескерткішке дейін ең алдымен мәдениет министрлігінің сүзгісінен өтуі тиіс. Оған Мәдениет министрі тікелей жауапты болуы керек.

Қысқасы, еліміздегі барлық ескерткіштерге ревизия қажет. Бұлай болмаған күнде көрінген көк атты есігінің алдына бабасының, атасының ескеркішін орнатып, бұл бассыздық жалғаса береді

Алмас Серікұлы, суретші, этнодизайнер:

– Қазақстан мүсін мектебі – әлемдегі ең мықты мектептердің бірі. Дүниежүзінде мүсін мектебі қалыптаспаған, дәстүрлі қағидаларынан аса алмайтын елдер бар. Олар Азия, Африкада, Латын Америкасы және араб елдері.

Біздің елдің мүсін мектебі соцреализм негізінде қалыптасқан. Дәстүрлі мүсін балбал және түрік белгі тастары мен қорым басына қойылған қойтастардың сипатында. Қазақ сахарасында мүсін, сурет өнерінің мешеу болуына діннің де ықпалы болды. Дегенмен 1920-1990 жылдарда қарқынды дамып, ел арасында танымал мүсіншілер қалыптасты

Үндістан, Непал сапарында осындай мүсіндерді көріп күліп едім. Бекер күліппін. Біздің мүсіншілер 30 жылда осындай сауатсыздыққа жетті. Мүсінді қойып жатқандар – сауатсыз. Әйтпесе үлкен адамды осынша қорламас еді. Мынаны не деп айтады? Ақселеуге мүсін тұрғыздық деп көкиді, ә?
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары