Ақтөбедегі №18 мектептің 10-сынып оқушысы Дінмұхаммед Жеткерген автоматтандырылған жасанды инкубатор механизмін ойлап тапты. Бұл туралы Qazaqstan.tv хабарлады.
Талантты оқушы жетекшісімен бірге бұл құрылғыны жасау үшін ауа реттегіш шағын құрылғылар сатып алған. Одан кейін кәдімгі пеноплекс материалымен қаптап, қондырғының өзін құрастырған.
"Мұнда бөдененің 200 жұмыртқасын, тауықтың 85 жұмыртқасын, үйректің 60 жұмыртқасын және үндіктің жұмыртқасын, қалғанына қаздың жұмыртқасын сыйдыруға болады. Мысалы, тауықпен салыстырғанда бұл құрылғы 5-10 есе көп мөлшерде жұмыртқа шығарып бере алады", – дейді Дінмұхаммед Жеткерген.
Құрылғының өзгелерден артықшылығы да осы – бір мезгілде көп жұмыртқа басуында. Уақыт пен ресурс үнемдейді. Ең қиыны – қорап ішіндегі ауа ылғалдылығын қадағалап отыру. Ізденістің нәтижесінде ол автоматтандырылған. Қазір бұл инкубортордан шыққан балапандар сатылып жатыр. Дінмұхаммедті мектеп басшылығы да қолдап отыр.
"Нарықтағы бағамен 800 теңгемен сатып, өз-өзін қаржыландырып отырған жайы бар. Өйткені инкубатор өзінен-өзі дамымайды.Оны күту керек, күн көзі, жемі керек, тағысын тағылар. Солардың бәрін қаржыландырып, алға қойған мақсатқа жету үшін үлкен жұмыстар атқарылып жатыр", – дейді №18 мектеп директорының орынбасары Мәдина Абылшиева.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жұмыртқа бір жылда 33%-ға қымбаттады. Неге?
Дінмұхаммед болашақта ауыл шаруашылғы саласында еңбек еткісі келеді. Оның бұл инкубаторына қазірдің өзінде қызығушылық жоғары. Тапсырыс болса, үлкен көлемде жасауға дайын. Қазір жетекшісімен бірге өнертабысына авторлық құқық алу үшін құжаттар дайындап жатыр.