Екіжақты ауқымды кездесу шетелдік делегацияның Қазақстанға сапары аясында өтіп, Қазақстан мен Бельгия арасындағы білім беру, мәдени және іскерлік байланыстарды нығайтудағы кезекті әрі маңызды қадам болды.
Оқу орнына Бельгияның саясаткерлері мен бизнес-қауымдастық өкілдерінен құралған делегация ресми іс-сапармен келді.
Арнайы қонақтар қатарында:
- Стефани Д’Оз – сенатор, Бельгия Федералдық парламентіндегі Орталық Азия елдерімен достық тобының төрайымы, Фламандия парламентінің депутаты.
- Гуделе Ликенс – Федералдық парламент сенаторы, әйелдердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділдікті ілгерілету ісіндегі белсенді қызметімен танымал сарапшы.
- Яспер Пиллен – Федералдық парламент сенаторы.
- Марианн Верхаерт – Фламандия парламентінің депутаты, Гроббендонк қаласының басшысы, Бельгия Федералдық парламенті Өкілдер палатасының бұрынғы депутаты.
- Каролин Виллемс – Safety Products компаниясының басқарушы директоры әрі тең иегері. Компания өнеркәсіптік қауіпсіздік құралдарына маманданған.
- Ян-Феликс Недэ – Бельгияда туристік және іскерлік жобаларды дамытатын Corsendonk Hotels желісінің бас директоры.
Нархоз Университеті тарапынан кездесуге вице-президент Айгерім Раимжанова, Экономика және менеджмент мектебінің директоры Дильбар Гимранова, Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің директоры Талғат Сәрсенбаев, Гуманитарлық мектептің директоры Айгүл Беймішева және Global Office жетекшісі Дария Имадиева қатысты.
Кездесу барысында академиялық ұтқырлық, бірлескен білім беру бағдарламалары, студенттер мен оқытушылардың халықаралық тәжірибесін кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, экология, цифрлық технологиялар мен әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы зерттеу және білім беру бастамаларына ерекше назар аударылды.
Айгерім Раимжанова, университеттің вице-президенті:
"Мұндай кездесулер студенттер мен оқытушыларға жаһандық академиялық кеңістіктің маңызды бөлігі екенін сезінуге ұдайы мүмкіндік береді. Соңғы жылдары біз көптеген еуропалық елдермен және жалпы ЕО-мен жүйелі әріптестік орнаттық", – деген пікір білдірді.
Бельгиялық қонақтар қазақстандық жоғары білім жүйесімен тереңірек танысып, Нархоз Университетінің ғылыми және білім беру әлеуетін жоғары бағалады. Ал, кәсіпкерлер Ян-Феликс Недэ мен Каролин Виллемс Қазақстанда бизнесті кеңейтуге қатысты жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің ашылғанын ерекше атап өтті.
Кездесудің мәдени маңызы да зор болды. Қазақстан мен Бельгия арасындағы өзара түсіністік пен қарым-қатынас тек саяси-экономикалық салада ғана емес, қоғамдық бастамалар мен білім беру жобалары арқылы да нығая түсуде.
Бұл сапар – Қазақстан мен Бельгия арасындағы байланысты, сондай-ақ Еуропалық одақ пен Орталық Азия серіктестігін нығайтудағы тағы бір маңызды әрі нақты қадамға айналды. Ал Нархоз Университеті үшін – студенттер мен зерттеушілерге жаңа көкжиектер ашатын ауқымды мүмкіндік, деген пікірде білім ордасының ұжымы.