Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың бірінші сессиясында 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салу мәселесіне тоқталды.
Президенттің айтуынша, өскелең ұрпақтың қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін қажетті жағдай жасау маңызды.
"Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы заң қабылданғаннан кейін оның іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.
"Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес", – деді президент.
Сонымен қатар Тоқаев энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету және баламалы энергия көздерін дамытуға бағытталған заң жобаларын жедел қарауды тапсырды.
Президент онлайн-платформалар мен масс-медиаға қатысты заңдарға да айрықша назар аудару қажет екенін айтты. Оның пікірінше, ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдануға тиіс.