Тікелей эфир

Ваучер деген не? Ол балаларды балабақшамен толық қамту мәселесін шеше ме?

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
АҚШ, Чили, Гонконг және Еуропаның бірнеше елінде тұрмысы төмен отбасы балаларының сапалы білім алуы үшін ваучерлік механизм енгізілген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылға дейін алты жасқа толмаған балаларды мектепке дейінгі біліммен 100% қамтуды тапсырды. Алайда, бұл мәселе мемлекеттік балабақша салумен ғана шешілмейтінін, сондықтан осы іске жеке бизнесті тартып, қолдаудың жаңа түрлерін, соның ішінде қаржыландырудың ваучерлік тәсілін ойластыру қажет екенін айтты. Тоқаевтың айтуынша, қаржыландырудың ваучерлік механизмі арқылы ата-аналар кез келген балабақша не мектепті таңдап, мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады.

Балабақша жетіспеушілігі мәселесін шешудің жолдары

Мақала басында Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне назар аударайық.

  • Қазақстанда 10 179 мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар, олардың 4 450-і – жекеменшік балабақша;
  • 906 800 бала (78,7%) мектепке дейінгі білім берумен қамтылған, олардың 40,6 пайызы жекеменшік балабақшаға барады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов алты жасқа дейінгі балаларды балабақшамен 100% қамтудың келесі 2 жолын ұсынып отыр:

  • жекеменшік балабақшалардың үлесін арттыру;
  • ваучерлік механизм.

Министрдің сөзінше, бұған дейін жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс беру аз уақыттың ішінде жақсы нәтиже беріп, балабақшаға баратын балалардың үлесі өскен.

"Ата-ана баласының кезегі келгенде мемлекет ұсынған балабақшаға ғана апара алатын. Енді ваучерлік механизм арқылы ата-ана өзіне ұнайтын және қолайлы балабақшаны таңдай алады. Сондай-ақ, бүгінде білім басқармалары мен бөлімдері мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаны конкурс арқылы анықтап отырса, енді ата-анаға таңдау еркі беріледі. Сәйкесінше, осы арқылы салада бәсекелестік те, сапа да артады", – деді Асхат Аймағамбетов.

Оқи отырыңыз: Кезекші сынып, мұғалім жалақысы, мектеп жауапкершілігі. Пандемия жағдайында оқушылар қалай білім алады?

Ваучер деген не?

Ваучер – тауарларға немесе көрсетілетін қызметтерге ақы төленгенін куәландыратын растама құжат. Мәселен, әуе тасымалында ұшақ билетінің қайтарылатын сомасын сақтайтын электронды құжатты ваучер деп атайды. Ваучер берілсе, билет ақшасын қолма-қол алу немесе төлем картасына қайтару мүмкін емес. Әуе компаниясы берген ваучер арқылы билет алуға, әуе компаниясының басқа да қызметтерін пайдалануға болады.

Білім саласындағы ваучердің қызметі қандай? Мемлекет баланың балабақшаға, мектепке, не болмаса жоғары оқу орнында оқу ақысын не тамақтану және басқа да шығындарын төлеу үшін ваучер береді. Ваучер қолға ұсталатын ақша емес, дегенмен ол белгілі бір ақша сомасымен бағаланады. Сәйкесінше, ол оқу не өзге шығынды толық өтемеуі мүмкін. Мемлекет ваучер бере отырып, оқу орнына қаржыны аудару жолымен оқу ақысының толық не бір бөлігін төлеу міндетін алады.

Білім беру ваучерінің негізгі міндеттері:

  • ата-аналар мен оқушылардың таңдау мүмкіндігін кеңейту;
  • білім беру жүйесінде нарықтық қатынасты дамыту;
  • білім беру қызметтері сапасын арттыру;
  • қаржының ашықтығын қамтамасыз ету.
Экономист, Нобель сыйлығының иегері Милтон Фридман ваучерді мемлекет тарапынан қаржылық қолдауды сақтай отырып, білім беру қызметтері нарығындағы бәсекелестікті қалпына келтіру әдісі ретінде қарастырған. Оның пікірінше, ата-аналар мен оқушыларға мектепті таңдауға ваучерді қолдануға рұқсат беру таңдау еркіндігін кеңейтіп, білімді азаматтардың көбеюіне әкеледі деп сендірді.

Ваучер тәжірибесі қай елдерде бар?

1981 жылдан бастап Ұлыбританияда "білім алуға жәрдемдесу схемасы" деп аталатын шектеулі квази-ваучерлік схема жұмыс істейді. Мақсаты – кедей отбасынан шыққан қабілетті оқушыларға көбірек мүмкіндік беру. Олар мемлекеттен білім және ғылым департаментінде тіркелген тәуелсіз мектептерде білім алу ақысын төлеу көмегін алады. 1992 жылы 295 тәуелсіз мектепте оқитын 27 000 оқушы ваучер алған. Жыл сайын бағдарламаға жаңадан 5 мыңға жуық адам қатысады. Ваучер тәжірибесі кейіннен кәсіптік білім беруде қолданылған.

Оқи отырыңыз: Мұғалім еңбекақысы, оқулық сапасы, мектеп бюджеті. Жаңа оқу жылында болатын өзгерістер қандай?

Чилиде де білім ваучерлері 1981 жылы пайда болды. Ваучер табысы төмен отбасы балалары үшін білім алу мүмкіндігін кеңейту, мектепте білім беру сапасы мен оқу орындары қызметінің тиімділігін арттыру секілді бірқатар мәселені шешу үшін енгізілді. Ваучер пайда болған соң жекеменшік мектепте оқитындар саны күрт артқан. Жекеменшік және мемлекеттік мектепте оқитын әлеуметтік санаттағы оқушылардың білім сапасын тестілегенде жекеменшік мектепте оқитындар жоғары нәтиже көрсеткен. Бұдан бөлек, ваучерлік қаржыландыруға қатысатын жекеменшік мектептерде бір оқушыға кеткен шығын мемлекететтік мектептерге қарағанда төмен болған. 1990 жылы Чили үкіметі білім беру шығындарын арттырып, ваучер құнын көтерген. Нәтижесінде аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар оқумен қатар, атаулы қаржылық және техникалық көмек алған.

АҚШ-тың бірқатар штатында ваучер тәсілі қолданылады. 1990 жылы Милуоки мектеп округінде кедей отбасылардан шыққан мектеп оқушыларын қаржыландыруға бағытталған "Ата-аналардың таңдау бағдарламасы" (Milwaukee Parental Choice Program) жақсы нәтиже көрсеткен. Алғашында қаржылай қолдау халықтың мұқтаж емес бөлігіне көрсетіле ме деген қорқыныш болған. Зерттеу жүргізгенде кедей отбасыларға көмек берілгені расталды. Жекеменшік мектептер қабілетті оқушыларды ғана қабылдайды деген қауіп те болған. Алайда, бағдарламаға табысы төмен отбасылардан шыққан оқу үлгерімі орташа оқушылар қатысып, оларға жекеменшік мектептер әртүрлі оқу бағдарламаларын ұсынған.

1992 жылы білім ваучерлері Колумбия мектептерінде қолданыла бастады. Бастапқыда ваучерлік бағдарламаны енгізуге мемлекеттік орта мектептерде орын жетіспеуі себеп болған. Ваучер аз қамтылған отбасылардан шыққан 6-сынып оқушыларына берілген. 1994 жылы бағдарлама 100 мың оқушы білім алатын 1 789 жеке мектепті қамтыған. Бастапқы кезеңде жүргізілген тексеру қаржылай көмектің халықтың мұқтаж санатына берілетінін көрсетті. Осылайша ваучерлік бағдарламаны енгізу табысы төмен отбасылардан шыққан оқушылардың жекеменшік мектептерде білім алуына мүмкіндік бере отырып, мемлекеттік мектептерде сыныптардың толып қалуы мәселесін шешкен.

Оқи отырыңыз: Бала денсаулығы қымбат па, әлде сапалы білім бе? Сараптама

1992 жылы ваучер жүйесі енгізілген Швецияда ата-аналар баласын қалауына қарай мемлекеттік не жекеменшік мектепке бере алады. Қандай мектепті таңдағанына қарамастан мемлекет баланың оуқын төлейді. Мемлекеттік және жекеменшік мектептер бірдей қаржыландырылады. Ваучерлер оқу ақысын ғана емес, оқушылардың денсаулығына байланысты және мектептегі тамақтану шығындарын да өтейді.

Қазақстанның білім жүйесінде ваучер механизмі қалай қолданылады?

2016 жылы экс-білім министрі Ерлан Сағадиев балабақша қызметақысын ваучер арқылы төлеу жүйесін енгізу қажеттігі туралы мәлімдеген. Ол өз сөзінде негізінен халықтың аз қамтылған топтарына ваучер бөлу керек екеніне тоқталып, тұрмысы жақсылар балабақша ақысын өздері төлей алатынын төлейтінін айтқан. "Ваучердің екінші түрі бар. Егер балаңызды қымбат балабақшаға бергіңіз келсе, ваучер алуға және оның үстіндегі шығынды өзіңіз төлеуіңізге болады" деген болатын Ерлан Сағадиев.

Қазіргі таңда Қазақстанда жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс беріледі. Оның қай балабақшаға және қандай көлемде бөлінетінін білім басқармалары мен бөлімдері шешеді.

Электронды үкімет порталында бала мемлекеттік балабақша кезегінде тұрса, кезек жеткенге дейін баланы мемлекеттік балабақшадағы кезек орнын сақтай отырып, жеке меншік балабақшаға орналастыру мүмкіндігі бары жазылған. Мемлекеттік тапсырыс аясында жекеменшік балабақшадағы тәрбие мен білім үшін төлемді мемлекетпен бөлісуге болады. Мемлекет республикалық бюджет қаржысынан балалардың мектепке дейінгі тәрбие мен оқу қызметінің құнын төлесе, ата-аналар тамақтану шығындарын, сондай-ақ өз қалаулары бойынша балабақша тарапынан қосымша қызметтер үшін төлейді.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша жеке меншік балабақшаға жіберу жолдамасын білім басқармасы береді. Жеке балабақша басшысы ата-анамен шарт жасасады. Онда тараптардың құқықтары мен міндеттері, балабақша үшін алынатын төлем мөлшері көрсетіледі.

Оқи отырыңыз: Ата-аналардың көбі қашықтан оқуға қарсы. Олар балаларының пандемияға қарамастан неге мектепке барғанын қалайды?

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов президент жолдауына дейін де әрбір ата-ана балабақшаны өзі таңдап, оған баласы мемлекеттік тапсырыспен бара алатын норма қаралатынын мәлімдеген болатын:

"Келер жылы немесе биылғы оқу жылында кезекте тұрған ата-ана балабақшаға жолдама алып, баласы баратын мектепке дейінгі ұйымды өзі таңдайтын жаңа жүйеге көшеміз".

Асхат Аймағамбетов бұл шешімнің мектепке дейінгі ұйымдар арасындағы бәсекелестікті арттырып, қызмет сапасын жақсартады деген сенімде.

Серіктестер жаңалықтары