Балабақшаны лицензиялау жұмыстары 2011 жылға дейін жүргізіліп келді. Кейін 2011-2020 жылдарға арналған ҚР Білімді дамыту бойынша мемлекеттік бағдарлама қабылданып, басты мақсат ретінде балаларды балабақшамен қамту мәселесі көтерілді. Себебі жергілікті жерлерде орын жетіспеді. Осыған абйланысты балабақшаларды лицензиялау алынып тасталды. Бүгінгі күні бұл мәселе шешілді. Мақсатқа қол жеткіздік. Балабақшамен қамту 99 пайызды құрайды, енді сапаға бет бұруымыз керек, деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.
"Қорқуғаешқандай негіз жоқ. Біріншіден, бұл механизм бұрын болған. Екіншіден, білім беру мекемесіне минималды түрде тиісті біліктілік талаптары қойылады. Оқу процесін жүргізу үшін, балаларды оқыту үшін не керек? Тиісті педагогтар, оқу ғимараттары, инфрақұрылым, бейнебақылаулар, балаларды тамақтандыратын, медициналық қызмет көрсететін, өртке қарсы және санитарлық-эпидемиолгиялық талаптарға сәйкес жағдай болуы керек", – деді комитет төрағасы.
Оқи отырыңыз: Президент: Балабақшаларды лицензиялау – мемлекетке емес, қоғамға қажет шара
Гүлзат Көбенованың айтуынша, балабақшаларды лицензиялауды қайта енгізу тәртібі Білім туралы және Рұқсаттамалар туралы заңда бекітілген. Соған байланысты реттеушілік әсерді талдау жүргізіледі. Осы тәртіп бекітілген соң заңнама жасалады. Заңнамаға қандай өзгерістер енгізу қажет екені анықталады.
"Заң қабылданғаннан кейін нормативтік құжаттар жасалады. Сосын жұмыс басталады. 2022-2023 жылдары тиісті жұмыстар жүргізіледі. 2024 жылдан бастап лицензиялауды бастай береміз", – деді Гүлзат Көбенова.
Жоспар бойынша бұл жұмыс кезең-кезеңімен басталады.
Бірінші сатыда жаңадан ашылған балабақшалар лицензиялауға жатады. Комитет төрағасының айтуынша, орта есеппен бір жылда 200 балабақша ашылуы мүмкін.
Екінші сатыда мемлекеттік аттестациядан екі мүмкіндікте де өте аламаған балабақшалар лицензиялаудан өтеді.
Үшінші сатыда тәуекелдерге қарай талдау жасалады. Қай жерде көбіне рисктер бар сол балабақшалар лицензиялынатын болады.
"Содан кейін ғана басқалары лицензиялаудан өтеді. Сондықтан бұл жұмыс бірнеше жылға созылады", – деді комитет төрағасы.
Оқи отырыңыз: Түркістан облысында мемлекеттік тапсырысты заңсыз алған балабақшалар анықталды