Тікелей эфир

Президент: Балабақшаларды лицензиялау – мемлекетке емес, қоғамға қажет шара

Қасым-Жомарт Тоқаев жеке сектордың әлеуетін пайдалану нәтижесінде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылғанын айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР үкіметінің кеңейтілген отырысында балабақшаларды лицензиялау тәртібін қайта енгізу қажет деп мәлімдеді.

"Жекеменшік балабақшаларда балаларды ұрып-соғу деректері бар. Сонымен қатар, жұмыс істемейтін балабақшаларға қаржы бөлу көбейіп кетті. Мұның бәрі олардың қызметі ашық емес екенін, азаматтық жауапкершілігі жоқтығын көрсетеді. Басқаша айтқанда, қоғам талабына сай емес. 2011 жылы балабақшалардың лицензия бойынша жұмыс істеу тәртібін тоқтаттық. Мемлекет бұл қадамға амалсыздан барды. Өйткені, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен барынша қамтуымыз керек болды", – деді Қазақстан президенті.

Ол бұл ретте жеке сектордың әлеуетін пайдалану маңызды екенін атап өтті.

"Нәтижесінде 2 және 6 жас аралығындағы балалардың 88 пайыздан астамы балабақшамен қамтылды.Енді қызмет көрсету сапасын арттыратын кез келді. Үкімет осы мәселені мұқият қарастыруы керек. Лицензиялау тәртібін қайта енгізу, ең алдымен, мемлекетке емес, қоғамға қажет шара. Өйткені, басты мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Серіктестер жаңалықтары