"Қазақтелеком" АҚ басқарма басшысы Бағдат Мусин Қазақстанда Telegram мессенджері арқылы дерек алмасу жылдамдығы мен сапасы арта түсетінін сүйіншіледі. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда Telegram мессенджерін 8 миллионнан астам адам белсене пайдаланады.
"Жақында Telegram компаниясының басшылығымен кездестім. Павел Дуровпен транзиттік операторларсыз желілер арасында тікелей трафик алмасу жөнінде келістік. Бұл абоненттеріміз үшін қызметтің сапасын ғана емес, сонымен қатар сервистің Қазақстандағы жұмысын да жақсартатынына сенімдімін. Әріптестерім Telegram желісімен тікелей байланыс орнатып, Telegram мамандарымен бірлескен жұмыстарды аяқтады, бұл бізге желілер арасында деректерді анағұрлым жылдам , әрі аралық операторларсыз тасымалдауға мүмкіндік береді", – деп жазды Бағдат Мусин.
Оның сөзінше, қазір Telegram-нан шамамен секундына 19 Гбит/с трафик алынса, бұл көрсеткіш болашақта өседі. Бұл пәтерлер мен кеңселердегі Telegram қызметі жақсартады.
"Тікелей байланыс бізге Telegram серверлеріне деректерді беру кезінде кідіріс уақытын азайтуға мүмкіндік берді. Мысалы, егер бұрын Астанадан Еуропаға дейін кідіріс шамамен 85 миллисекунд болса, қазір ол 75 миллисекундқа дейін қысқарды. Түрлі аймақта бұл көрсеткіш әртүрлі. Бұл Қазақстандағы пайдаланушылар контентке енді тезірек қол жеткізіп, Telegram арқылы ақпарат алмаса алады деген сөз. Ең бастысы, қазір трафикті толығымен басқарамыз! Байланыс 100 Гбит/с деңгейінде орнағандықтан, енді бізде сыйымдылықтың үлкен қоры бар", – деп түсіндірді "Қазақтелеком" басшысы.
Оқи отырыңыз: Telegram мәзіріне қазақ тілі қосылды
Ол алдағы уақытта Google, Meta, Amazon, Apple, Microsoft, Twitch, Netflix және тағы басқа компаниялардың автономды жүйелерінің иелерімен де осындай форматта жұмыс істелетінін айтты.
"Мұндай ірі ойыншылармен ынтымақтасу бізге нарықтан мықты орын алуға септігін тигізеді. Олар – интернет-трафиктің негізгі көздері, әрі олармен тікелей әрекеттесу транзиттік операторлардың пакеттік желілеріне тәуелділіктен арылтып, осы өңірдегі миллиондаған пайдаланушыға танымал қызметтерді жоғары жылдамдықта пайдалануға жол бермек", – деді ол.