Тереңөзек ауылының тұрғыны Нұрболат Мырзақұловтың бір үйір жылқысына жай түсіп, қырылып қалды. Үйірде 26 жылқы болған, оның 16-сын өзі несиеге алған екен, қалған жылқы жерлестерінікі, деп хабарлайды "31 арнаның" "Информбюро" ақпарат агенттігі.
"Кепілге мына фазендадағы тамды қойдым. Ауылда кішігірім там бар еді, соны қойып мал алдым. Енді не қойып беремін, білмеймін. Ертең түгел ажырап қаламын ба? Бала-шағаммен істеп отырған мына фазендамнан да айырылып қаламын ба? Ауылда кішігірім там бар еді. Содан ажырап қалсам, бала-шағаммен қайда барамын?" – дейді Нұрболат Мырзақұлов.
Бұдан басқа жеті үйдің жылқысын жасын жайратып тастаған. Бір малдың бетіне қараған жұрт жергілікті билік жәрдемдессе екен дейді.
"Бәріміздің қарап отырғанымыз бір мал басы, одан басқа түгіміз жоқ енді, шыны керек. Бруцеллез болса, ауру шықса, малға аудан әкімдігі төлеуші еді. Сондай көмек бола ма деген ниетпен", – дейді ауыл тұрғыны Жандархан Мамытбеков.
Бұқараның басына түскен жағдайға биліктің де басы қатқан. Қандай шешім қабылдарын білмей отыр.
"Дәл осы жағдай қалай іске асуы керек? Ол үшін арнайы аудан әкімінің тапсырмасымен комиссия құрылған. Комиссия құрамына құзырлы органдар мен заңгер мамандар кіріп отыр. Қазір зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Мәселені аудан әкімі тұрақты бақылап отыр", – дейді Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев.
Қазір жылқылардың өлексесін арнайы жасақ сол жерде көміп жатыр. Өйткені тау шатқалына көлікпен жету мүмкін емес.