31 арнаның Информбюро бағдарламасы азық-түлік құқының қымбаттауына орай, дүкендерді аралап, арнайы репортаж әзірледі. Анықталған – күнделікті тамағына дейін қарызға алатындар көбейген. Тоқтаусыз қымбаттап бара жатқан азық-түлік құны қарыз дәптерінің қалыңдауына әсер еткен.
Дүкен сатушыларының айтуынша, бағаның өсімі халықтың сауда жасау мәдениетіне де өзгеріс енгізіп жатыр. Адамдар қазір тауарды ойланып сатып алатын болған. Тек ең қажеттісін алып, артық затқа жоламайды. Бірақ, бұл да тауары қарызға алудан құтқармай тұр.
"Тек сенімді клиенттерге ғана қарызға сатамын, олар кейін ақшасын әкеп береді. Көбі нанның өзін жаздырып алады. Жұрт қазір ойланып сауда жасайтын болды. Тек күнделікті қажетін ғана алады, оның өзін қарызға жаздырып қояды", – дейді сатушы Бақтияр Иляев.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстанда азық-түлік бағасы әлі өсіп жатыр. Картоп, сәбіз, күнбағыс майының экспортына шектеу қойылды
- Қымбатшылық қысып барады. Азық-түлік бағасын бақылау қажет пе?
Талдықорғандықтардың да біразы дүкеннен затты қарызға алуды дәстүрге айналдырған. Көбі маңайдағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері мен жақын жердегі мектеп оқушылары. Бір ай бойы керегін дүкеннен жаздырып алатын жұрттың бүгінде берешегі көп. Дәптерге де, компьютерге де алынған тауарлардың тізбегі жазылған тізім ұзын-сонар.
Кәсіпкерлер мен сатушылардың айтуынша, қарызға тауар алатын жұрттың бір айдағы орташа берешегі 100 мың теңгеден асып жығылады.
Соңғы бір жылда тұтыну тауарлары 15 пайызға көтерілген. Әсіресе, нан, жұмыртқа, құмшекер мен көкөніс құны аса қымбаттаған. Тауар бағасы арзандап, табыс көзі толықпайынша, сатушылар қарыз дәптердің қалыңдай беретініне сенімді.