Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы 2026 жылы тұрақты авиациялық отынның (SAF) әлемдік өндірісі шамамен 2,4 млн тоннаға жететінін мәлімдеді. Алайда бұл көрсеткіш авиация саласының жалпы отын тұтынуының небәрі 0,8 пайызын ғана құрайды. Сонымен қатар авиакомпаниялардың SAF сатып алуға жұмсайтын шығындары 4,3 млрд АҚШ долларына жетеді деп күтілуде.
IATA бас директоры Уилли Уолштың айтуынша, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жолындағы прогресс күткен деңгейде емес.
"2050 жылға қарай авиация саласын нөлдік көміртегі шығарындыларына жеткізу жөніндегі міндеттеме қабылданғанына бес жыл өтсе де, биыл SAF әлемдік авиаотын сұранысының небәрі 0,8 пайызын қамтамасыз етеді. Мемлекеттік саясаттың тиімсіздігі мен мұнай компаниялары тарапынан қызығушылықтың жеткіліксіздігі салдарынан алға жылжу қиындап барады", – деді ол.
Оның пікірінше, қазіргі энергетикалық дағдарыс жаңартылатын энергия көздерін, соның ішінде тұрақты авиациялық отынды дамытуға серпін беруі тиіс. Алайда бұл бағытта нарықты қалыптастыру үшін қажетті ынталандыру тетіктері әлі де жеткіліксіз.
SAF өндірісін арттыру үшін төрт басымдық қажет. IATA тұрақты авиациялық отын өндірісін кеңейту үшін төрт негізгі бағытқа назар аударуға шақырды.
- Біріншіден, SAF өндіруге қажетті шикізат пен таза энергия көлемін қамтамасыз ету үшін жаңартылатын энергия өндірісін ұлғайту қажет.
- Екіншіден, құбырлар, сақтау қоймалары және әуежайдағы жанармай құю жүйелері секілді инфрақұрылымға ашық қолжетімділік қамтамасыз етілуі тиіс.
- Үшіншіден, мемлекеттер өндірісті ынталандыру және инвестициялық тәуекелдерді азайту бағытындағы қолдау шараларын күшейтуі қажет.
Төртіншіден, жеткілікті көлем мен коммерциялық тұрғыдан тиімді бағаларды қамтамасыз ететін жаһандық SAF нарығын қалыптастыру маңызды. Бұл үшін өндірушілер мен авиакомпаниялардың орналасқан жеріне қарамастан нарыққа қатысуына мүмкіндік беретін book-and-claim тетігін енгізу ұсынылады.
e-SAF өндірісі жоспардан айтарлықтай артта қалып отыр. Сарапшылардың пікірінше, болашақта авиацияны көміртексіздендіруде электронды тұрақты авиациялық отынның (e-SAF) маңызы арта түседі. Бұл отын жаңартылатын энергияны сұйық отынға айналдыратын Power-to-Liquid (PtL) технологиясы арқылы өндіріледі. e-SAF өндірісі үшін биомасса немесе пайдаланылған майлар қажет емес. Алайда ол үлкен көлемдегі жаңартылатын электр энергиясын, "жасыл" сутекті, суды және көмірқышқыл газын талап етеді.
Еуропалық одақ пен Ұлыбритания 2030 жылға қарай шамамен 600 мың тонна e-SAF өндіру жөнінде міндетті мақсаттар бекіткен. Бірақ қазіргі уақытта әлемдегі қолданыстағы және салынып жатқан өндірістік қуаттардың жалпы көлемі небәрі 20 мың тоннаны құрайды. Оның үстіне бүгінде әлемде тек бір ғана e-SAF зауыты жұмыс істеп тұр.
IATA-ның тұрақты даму жөніндегі аға вице-президенті әрі бас экономисі Мари Оуэнс Томсен мұндай мақсаттарды шынайы жағдайға сәйкес келмейді деп бағалады.
"Ұлыбритания мен Еуропалық одақтың 2030 жылға арналған e-SAF мақсаттары шынайы мүмкіндіктерден алшақ. Қажетті өндірістік қуаттар қалыптаспай тұрып міндетті талаптарды енгізу жаңа энергетикалық нарықты дамытудағы тәуекелді шешім болып табылады. Бұл тек бағаның өсуіне әкелуі мүмкін", – деді ол.
Оның айтуынша, алдымен жаңартылатын энергия өндірісін кеңейтіп, оның құнын төмендету және экономикалық тұрғыдан тиімді e-SAF өндірісін жолға қою қажет.
Жолаушылар декарбонизацияны қолдайды. 2026 жылдың сәуір айында IATA жүргізген халықаралық сауалнама авиациядағы экологиялық реформаларға жолаушылардың қолдауы жоғары екенін көрсетті. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, респонденттердің 89 пайызы үкіметтердің климаттық саясатты әлсіретуі мүмкін болған жағдайда да авиация саласы шығарындыларды азайту жұмыстарын жалғастыруы керек деп санайды. Сондай-ақ дәл осындай үлестегі қатысушылар әуе көлігін заманауи өмірдің ажырамас бөлігі деп есептеп, оны шектеудің орнына экологиялық тұрғыдан жетілдіруді қолдайды.
Жолаушылардың 66 пайызы көміртегі шығарындыларын өтеу үшін қосымша төлем жасауға дайын екенін айтқан. Ал 88 пайызы тұрақты даму жобаларына инвестиция салу нәтижесінде әуе билеттерінің қымбаттайтынын күтеді.
Сауалнамаға қатысушылар нақты нәтиже беретін шараларға басымдық береді. Мәселен, респонденттердің 25 пайызы қаражатты SAF өндірісін дамытуға бағыттауды қолдаса, 23 пайызы шығарындыларды азайтатын жаңа технологияларға инвестиция салуды маңызды деп санайды. Ал экологиялық салықтарды қолдағандардың үлесі небәрі 10 пайызды құрады. Сонымен қатар жолаушылардың 48 пайызы рейс таңдау кезінде көміртегі шығарындыларының көлеміне назар аударады. Олардың 85 пайыздан астамы бұл көрсеткіштің сапар таңдауына тікелей әсер ететінін атап өткен. Үш жолаушының екеуінен астамы экологиялық стандарттары жоғары авиакомпанияларды таңдауға бейім.
Зерттеу нәтижелері жолаушылардың авиация саласынан шығарындыларды азайту бойынша белсенді қадамдар күтетінін және тұрақты даму қағидаттарын барған сайын көбірек ескеретінін көрсетті.

