Атырауда Saraishyq Upgrade-2025 халықаралық жастар форумы өтті

Фото: "Жастар таңдауы – Атырау" қоғамдық бірлестігі
Фото: "Жастар таңдауы – Атырау" қоғамдық бірлестігі
Биыл форум төртінші мәрте ұйымдастырылды.

Атырауда Saraishyq Upgrade-2025 халықаралық жастар форумы өтіп, оған еліміздің барлық өңірінің және Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан және Өзбекстанның жастары жиналды. 

Екі күндік форумның жабылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қатысып, жастардың талпынысына жоғары баға беріп, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол форумның сәтті өтуіне кәсіби тұрғыда үлес қосқан спикерлерге аймақ басшысының Алғыс хатын табыстады. 

Фото: "Жастар таңдауы – Атырау" қоғамдық бірлестігі

Форум бағдарламасында панельдік пікірталастар, секциялық кездесулер мен шеберлік сабақтары қамтылып, жастар әртүрлі бағыт бойынша кәсіби спикерлерден дәріс алды. Атап айтсақ, жасанды интеллект, маркетинг, музыка, кинемотография және театр мен хореография бағыттары қамтылып, жастарға жаңа білім мен дағдыларды меңгеріп, өз қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік берілді.

Қорытынды кеште осы бағыттар бойынша өткен байқау жеңімпаздары марапатталып, үздік танылған 6 жас 500 мың теңгеден қаржылай сыйақыға ие болды. Олар: хореография бағыты бойынша Бағыт Бисембай, маркетинг – Әнуарбек Мағзомов, музыка – Махамбет Әбілов, кинематография – Нұрпейіс Адилов, жасанды интеллект – Еркебұлан Балғабеков және театр бағытында Қуанышбек Айсағали. 

Фото: "Жастар таңдауы – Атырау" қоғамдық бірлестігі

Сонымен қатар, форумның алғашқы күні өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында спикерлер мен қатысушылар тарихи Сарайшық қалашығына экскурсия жасады. Осы жылы форумға қатысу үшін жастардан 997 өтінім түсті. Бұл жастардың қызығушылығын және даму мен білімге деген талпынысының дәлелі.

Фото: "Жастар таңдауы – Атырау" қоғамдық бірлестігі

Бүгінде Saraishyq Upgrade форумы – халықаралық деңгейде тәжірибе алмасып, елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытудың ерекше алаңына айналды. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған форум Атыраудың тарихи-мәдени әлеуетін танытып қана қоймай, жастардың өзара тәжірибе алмасуына, жаңа бастамаларын жүзеге асыруына және жаһандық даму үрдістеріне белсенді қатысуына мүмкіндік беруде.

Фото: "Жастар таңдауы – Атырау" қоғамдық бірлестігі

Форумды Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, "Жастар таңдауы – Атырау" қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Мақсаты – креативті индустрияны дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған халықаралық жастар алаңын құру. 

Айта кетейік, Saraishyq Upgrade халықаралық жастар форумы Атырау қаласында алғаш рет 2017 жылы өткізілді. Биыл форум төртінші рет өтті.

Автор: Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының баспасөз хатшысы Индира Зинолла

Серіктестер жаңалықтары