Тікелей эфир

Асхат Аймағамбетов дайындық ҰБТ тестілеу бағасын екі есе арзандатуды тапсырды

Білім және ғылым министрі ұстаздарға арналған біліктілік тестінің де бағасын түсіруді тапсырды.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында Ұлттық тестілеу орталығының басшысы Руслан Емелбаевқа тапсырма берді. 

"Қаңтар айының тестілеуі жыл сайын өткізіледі. Биылғы жылы біз оны ақпан айының соңына дейін ұйымдастырамыз. Барлық өтініш берген азаматтар тапсырып үлгеруі керек. Кей азаматтарымыз оған дайындық ретінде қарайды. Басқалары ақылы түрде түсу үшін сертификатын пайдаланады. Қалай болғанда да, біздің түлектеріміз үшін бұл өте маңызды. Сондықтан біз осы жұмысты тиісті деңгейде жүргізуіміз керек. Ашықтықты, әділдікті қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі", – деді министр.


Оқи отырыңыз:


Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов дайындық тестілеуіне қатысу бағасына қатысты ойын білдірді.

"Ұлттық біліктілік тестілеудің сынама тестін тапсыру, ҰБТ, магистратураға түсу бойынша дайындық тестілеуінің бағасына қатысты әртүрлі ақпарат алып жатырмыз. Біршама өзгерген. Оған қатысты "Бұл міндетті тестілеу емес, өз еркімен тапсыратын дайындық тесттер, ал міндетті тестілеу ақысыз" деген аргументтерді естіп жатырмыз. Бірақ, бұл мәселелер ойға қонымсыз. Сондықтан дайындық тесттерінің бағасы екі есе азайтылсын. Соны қайтадан қараңыздар. Осы тапсырма бойынша тиісті жұмысты жүргізу керек. Бұл дайындық, өз еркімен тапсыратын тест болса да, грантқа түсетін тесттер ақысыз болса да, оның бәрін біз түсінеміз. Бірақ, бұл оқушылар мен мұғалімдер үшін қолжетімді болуы керек", – деді Асхат Аймағамбетов.

Серіктестер жаңалықтары