Астанада "4739" деректі фильмінің премьерасы болды

Фото: "Хабар" агенттігі
Фото: "Хабар" агенттігі
Қазақстанда адам қайтыс болғаннан кейін оның ағзаларын донор ретінде пайдаланудың үлесі 10 пайызға да жетпейді.

Астанада "Хабар" агенттігінің ағза трансплантациясы, трансплантолог дәрігерлердің еңбегі және өмірлік маңызы бар операцияны күтіп жүрген адамдардың тағдыры туралы баяндайтын "4739" деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Іс-шараға премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, белгілі дәрігерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, реципиенттер мен олардың отбасылары, сондай-ақ фильмнің авторлары мен кейіпкерлері қатысты.

Фото: "Хабар" агенттігі

Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваның айтуынша, бұл фильм көрерменнің көзін адам өмірін сақтаудағы технологиялық мүмкіндіктерге ғана емес, ең алдымен әр адамға тән үміт пен өмірге құштарлық, жүрек жылатар өкініш пен қуаныш, рухани күрес сияқты үлкен сезімдерге көзімізді қайта ашады. 

"Әрине, донор болу немесе болмау – әр адамның жеке таңдауы. Бұл – өте нәзік әрі күрделі мәселе. Мұндай шешімге ешкімді мәжбүрлеуге болмайды... Ал енді менің өз басыма келсем… Күндердің күнінде жақындарымның алдына дәл осындай таңдау тұрса, онда, сөз жоқ, өмірге қайта оралғысы келетін адамдарға көмектесудің маңызын түсінгенін қалар едім. Мен ағзаларымды донорлыққа беруге келісім беретінімді жауапкершілікпен атап өткім келеді. Себебі бір адамның шешімі басқа бір адамға өмір сүруге мүмкіндік беруі мүмкін", – деді Аида Балаева

Ол бұл тақырыпты қорқынышпен емес, түсіністікпен, жауапкершілікпен және адам өміріне деген құрметпен талқылау керектігі туралы ойын жеткізді. 

Фильмнің "4739" деп аталуының өзіндік мәні бар. Бүгінде ағза трансплантациясын күту тізімінде дәл осынша адам тұр. Олардың басым көпшілігі үшін трансплантация – өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. Жыл сайын 350-ден астам пациент қажетті операцияны күтпестен көз жұмады. Сонымен қатар еліміздегі трансплантация операцияларының шамамен 90 пайызы тірі туыстық донорлардың қатысуымен жасалады. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың үлесі 10 пайызға да жетпейді.

Фото: "Хабар" агенттігі

Соңғы бес жылда елімізде 1500-ге жуық ағза трансплантациясы жасалды. Оның әрбір төртіншісі 2025 жылға тиесілі. Тек өткен жылдың өзінде бүйрек, бауыр, жүрек және өкпе трансплантациясы бойынша 310 операция жасалды.

Балалар трансплантологиясының дамуы да маңызды жетістікке айналды. 2026 жылы елімізде алғаш рет балаға жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. Бұл жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытудың жаңа кезеңіне жол ашты.

Фото: "Хабар" агенттігі

Бүгінде электрондық үкімет порталы арқылы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты өз ұстанымын 172 283 адам білдірген. Олардың 16 109-ы келісім берсе, 156 174 азамат бас тартқан.

Халықтың хабардарлығын арттыру және қоғамда ашық пікір алмасу азаматтардың саналы шешім қабылдауына мүмкіндік береді. Мұндай шешім болашақта трансплантацияны әлі де күтіп жүрген адамдарға өмір сүруге мүмкіндік сыйлауы мүмкін.

Фото: "Хабар" агенттігі

24KZ телеарнасының журналисі Назерке Тоқжан мен режиссер Берік Шаров түсірген туынды пациенттердің, олардың отбасылары мен медицина қызметкерлерінің шынайы оқиғалары арқылы адам өмірінің құндылығы, жауапкершілік, дер кезінде қабылданған шешімнің маңызы туралы мәселелерді көтереді. Фильм түрлі көзқарастар мен өмірлік ұстанымдарға құрметпен қарай отырып, ағза трансплантациясы жөнінде қоғамда ашық әңгіме өрбітуге ықпал етуді көздейді.

Деректі фильмді 24 шілде күні сағат 19:30-да 24KZ телеарнасынан көруге болады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау