Тікелей эфир

Астана сәулетшілер одағының төрағасы қаладағы көлік кептелісін шешу жолын атады

Оның айтуынша, елордада аса қажетті жол тораптары уақытында салынбай кеткен.

Астана сәулетшілер одағының төрағасы Серік Рүстембеков "Астана ақшамы" басылымына берген сұхбатында елордадағы транспорттық мәселелер туралы сұраққа жауап берді.

Оның айтуынша, Астананың транспорттық жоспары дұрыс есепке алынбаған. Қаланың орталығынан қай бағытта болмасын үздіксіз қозғалуға мүмкіндік беретін автомагистральдер салынбаған.

"Қазір Астананың қандай кең көшесімен жүрсеңіз де, алдыңыздағы бағдаршамға барып тірелесіз. Сондай светофорсыз жол тобырлары, яғни "развязкалар" болса, онда әр бағыт өз бетімен, бір-біріне кедергі келтірмей, біраз мәселе шешілер еді. Елордада осындай магистральдың тапшылығы сезіледі. Бас жоспарда бұл мәселе қарас­тырылған. Дегенмен, жол тобырына көп жер көлемі керек. Кезінде өте қажетті жол тораптары уақытында салынбады. Кейбір жерде олардың орнына басқа ғимараттар тұрғызылып, қала құрылысында біраз қателіктер орын алды", – дейді ол.

Бұл орайда Серік Рүстембековтің айтуынша, кептеліс мәселесін шешудің бірден-бір жолы – бағдаршамсыз жол тораптарын көбейту.

Елорданың бас сәулетшісі кептеліске себеп болып отырған тағы бір кемшілікке назар аударды.

"Бұрын кеңес заманында шағын аудандарда мектеп, балабақша, дүкен, дәріхана, химиялық тазалау, шаштараз деген көп болса 500 метрден аспайтындай аумақта орналасатын. Қазір ше, тұрғындардың жұмыс істейтін жері ана шетте, мектеп мына шетте, балабақша тіпті басқа жақта, соның салдарынан адамдар қарама-қарсы бағытта ертелі-кеш сартылдап бірін-бірі тасымалдайды", – деді Серік Рүстембеков.

Еске салайық, қалада 430 мыңға жуық автомобиль бар. Күн сайын облыстан қалаға қосымша 90 мыңға жуық көлік кіріп-шығады


Оқи отырыңыз: 400 автобус, жаңа көпірлер: Астанада кептеліс мәселесі қалай шешіледі?


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары