Тікелей эфир

400 автобус, жаңа көпірлер: Астанада кептеліс мәселесі қалай шешіледі?

Қалада 430 мыңға жуық автомобиль бар. Күн сайын облыстан қалаға қосымша 90 мыңға жуық көлік кіріп-шығады.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қала көшелеріндегі көлік кептелісі жаңа көпірлер ашу арқылы шешілетінін жазды.

"Қалада 430 мыңға жуық автомобиль бар. Күн сайын облыстан қалаға қосымша  90 мыңға жуық көлік кіріп-шығады. Жол-көлік желісін жүйелі дамыту үшін көпірлер, көлік қиылыстары, жаңа көшелер салу, жол жөндеу жұмысы қарқынды түрде жүргізілуде. Қарбалас уақытта көлік көп жүретін учаскелердің бірі – Мәңгілік ел, Қабанбай батыр, Тұран даңғылдары, Сарайшық, Қонаев көшелері және тағы басқа да көшелер", – деп жазды ол Instagram парақшасында.


Оқи отырыңыз: 30 жылдан бері теміржол өткелінен өтіп шаршаған астаналықтар көпір салып беруді сұрайды.


Ол осы жылдың соңына дейін Тәуелсіздік даңғылының бойындағы жаңа көпірде көлік қозғалысы ашылатынын жазды.

"Бұл көпір жолдардағы кептелісті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді: сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешітімен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен және т.б. қосымша байланысты қамтамасыз етеді. Келесі жылы Тәуелсіздік даңғылының Қабанбай батыр даңғылына дейінгі жалғасын салуды бастау жоспарланып отыр. Бұл қаланың жаңа бөлігіндегі Мәңгілік ел, Қабанбай батыр даңғылдарында, Түркістан, Керей-Жәнібек хандар және Айтматов көшелерінде көлік ағынын сейілтеді", – деп жазды ол хабарламада.

Әкімнің айтуынша, келер жылы Кенесары көшесінің бойында, яғни ҚазГЮУ университеті ауданында Есіл өзені арқылы өтетін тағы бір көпірдің құрылысы басталады.

"Өткен жылы Ұлы Дала даңғылының бойындағы жаңа көпір мен А62 көшесінің бойында (А91 көшесінен Астана-Қарағанды тас жолына дейінгі учаскеде) көлік қозғалысы ашылған болатын. Бұл да бірнеше көшедегі көлік қозғалысын жеңілдетті. Сонымен қатар, биыл қалаға 400-ге жуық автобус енгіземіз. Олардың бір бөлігі қазірдің өзінде желіге шығарылды. Жоғарыда айтылған шаралар, оның ішінде көшелер салу және жөндеу, ақылды бағдаршамдар орнату және автобус желілерін енгізу қаланың көлік желісін айтарлықтай жақсартады",  – деп жазды Жеңіс Қасымбек.


Оқи отырыңыз: "LRT мен BRT салынады". Алматыдағы кептеліс қалай шешіледі?


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары