Астана әкімдігі Информбюро порталының сұрауына орай, Astana LRT жүйесіне қазақша атау беруге қатысты өз ұстанымын жария етті.
"LRT атауы ағылшын тіліндегі Light Rail Transit тіркесінің халықаралық қысқартылған нұсқасы болып саналады. Ол "жеңіл рельсті көлік" деген мағына береді. Қазіргі уақытта LRT аббревиатурасы әлемнің көптеген елінде заманауи қалалық рельсті көлік жүйесін білдіретін халықаралық термин ретінде кеңінен қолданылады. Осыған байланысты жүйенің атауын өзгерту мәселесі қарастырылмайды", – делінген қала әкімдігінің жауабында.
Еске салайық, Astana LRT жүйесі іске қосылғаннан кейін әлеуметтік желіде оған қазақша, ұлттық нақыштағы атау беру туралы бастама көтеріліп, қазақстандықтар өз идеяларын ортаға салды. Мұндай балама атаулар туралы Информбюроның арнайы материалын осы жерден оқуға болады.
Ұсынылған атаулар арасында "Ұшпа", "Жүрдек", "Самғау" және басқалар бар.
Әлемде жаңа көлік жүйелеріне символдық не ұлттық реңкі бар атау беру тәжірибесі бұрыннан бар. Мысалы, Өзбекстандағы жоғары жылдамдықты пойыз "Афросиоб" деп аталады. Ол Самарқандтағы көне қаланың құрметіне қойылған. Ал Ыстанбұлдағы Босфор бұғазы астымен өтетін теміржол желісі Мәрмәр теңізінің құрметіне, "Мармарай" атауын алған. Калифорниядағы қала маңы теміржолы "Caltrain" деп аталады. Ол "California" және "train" сөздерінен құралған.
Көлік атауын аббревиатура түрінде қалдырған елдер де бар. Мысалы Францияда TGV жүрдек пойызы бар. Толық атауы Train à Grande Vitesse – жоғары жылдамдықты пойыз дегенді білдіреді, бірақ қысқарған нұсқасы брендке айналып кеткен.
