Тікелей эфир

Асель, Айгерим, Медина. Есім қоюда қазақтың төл дыбыстарынан қашу үрдісі бар

Тіл маманы, сондай-ақ аттардың мән-мазмұнының діни сипатқа ойысқаны жеке зерттеуді қажет етеді деп есептейді.

Қазақстанда 30 жылда балаларға ең жиі қойылған есімдердің индексі толық жаңарған. Бұл туралы Астана қаласының тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп жазды.

"Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда ұлты қазақ балаларға қойылған есімдерге талдау жасап көрдім. Тоқсаныншы жылдары ұл балалардың топ ондығында Азамат, Нурсултан, Бауыржан, Данияр, Ерлан, Олжас, Руслан, Арман, Ержан, Жандос аттары орналасса, соңғы 2022 жылы Алихан, Омар, Алдияр, Айсұлтан, Амир, Нұрислам, Алан, Али, Алинұр, Арсен деген аттар көш бастаған. Қыздарға 1991 жылы Айгерим, Айдана, Динара, Айнур, Жанар, Айжан, Асель, Мадина, Салтанат, Арайлым есімі жиі қойылса, былтыр Медина, Айлин, Айша, Асылым, Томирис, Аяла, Раяна, Сафия, Айзере және Айым атты бүлдіршіндер дүниеге көп келген екен", – деп жазды Сәкен Есіркеп.


Оқи отырыңыз: 


Оның сөзінше, жыл ішінде балаларға ең жиі қойылған есімдердің индексі толық жаңарған. Сонымен қатар, маман қыздарға есім қоюда ә, қ, і, ү, ұ, ө, ғ сияқты қазақтың төл дыбысынан қашу үрдісі байқалатынына назар аударды.

"Бұл Айнура, Нурай, Асель, Карагоз, Гульсим деген сияқты ұлттың төл дыбыстарын бұрмалайтын аттардың көбейгеніне қарағанда жақсы да шығар", – дейді Астана қаласының тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы.

Сәкен Есіркеп, сондай-ақ адам атының мән-мазмұны діни сипатқа ойысқанын да жазған.

"Бұл адамдардың діни көзқарасына байланысты ма, әлде еліктеушіліктен бе? Ол жағы жеке зерттеуді қажет етеді", – деп жазды ол.

Серіктестер жаңалықтары