Тікелей эфир

Археолог: Қазақстандағы ақсүйек обаларының 99 пайызы тоналған

Әбдеш Төлеубаев қазақ жерінің қай өңірінде болсын ірі обалардың көпшілігінде алтын бар екенін айтты.

Патшалар мен ақсүйектердің обалардың 99 пайызы тоналып кеткен. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбдеш Төлеубаев Қазақ ұлттық университетінің сайтына берген сұхбатында айтты. Археологтың айтуынша, ол обалардың бәрінде алтын болған.

"Диаметрі – 60-70 метр, биіктігі 4,5-5 метр болып келетін жерлеу орындарын патшалардың, ақсүйектердің обалары деп есептейміз. Солардың бәрінде алтын болған. Алтын түймелер, қапсырмалар тағылған киіммен немесе алтын әшекейлермен көмкерілген киіммен көмген. Бірақ олардың 99 пайызы тоналып кеткен. Бәйгетөбе де тоналған. Дегенмен тонаушыларға патшаның тайпаластарының адамдары келіп қалып кедергі жасады ма екен, әйтеуір, сондай бір жағдай болған", – дейді Әбдеш Төлеубаев.


Оқи отырыңыз: Гарвард профессоры Нұрлан Кенжеахмет: Қазақ тарихының тағдыры ел ғалымдары мен үкіметінің қолында


Археолог ұрылардың обаның төбесінен құдық қазып, тура қабірхананың үстінен түскенін айтады.

"Біз ұрылардың ізін топырақ обадан да, оның астындағы тас үйіндіден де, одан төменгі ағаш үйдің төбесін жапқан жуан сырғауылдардан да көріп отырдық. Обаны салған кезде жабылған топырақтан анау ұрылар құдық қылып қазған, бірақ кейін қайта топыраққа толған шұңқырдың топырағының өңі де, тығыздығы да басқаша болады. Тас обашықтың тастары дәл ұрылар салған құдық аумағында алынып тасталған. Ал ағаш қабірхананың төбесін шымқай қатарлап жапқан, жуандығы 15-20 см сырғауылдарды қиып түскен іздері 2,5 метр диаметрде анық көрініп тұрды", – деп түсіндірді археолог.

Маманның сөзінше, ұрылар патшамен бірге қойылған алтын заттарды үзіп-жұлып тонаған. Ол үшін қабірхананың ішінде алаумен от жағып, жарық түсіріп, жұмыс істеген. Қабырғада ыстың ізі, қалдығы болған. Тек археологтарға  белгісіз себептермен ұрылар қабірді толық тонай алмаған.


Оқи отырыңыз: Жақсылық Сәбитов "Қазақстан тарихындағы" қателіктер туралы: Ақ орда, Көшпелі өзбек мемлекеттері болған емес


"Менің ойымша, бұл обадағы алтынның бізге жеткені төрттен бірі немесе бестен біріндей болуы мүмкін. Мысалы, ақинақ – қысқа қанжардың сабы, қабы міндетті түрде әшекейленіп, алтынмен апталып жасалады. Немесе мойыналқа, кейде 2-3 саусақтың жуандығындай жұмыр алтыннан мойынға алқа тағылады. Екі басында аң стиліндегі хайуанаттардың бейнесі болады. Ірі заттардың түгін қалдырмай алып кеткен", – дейді Әбдеш Төлеубаев.

Әбдеш Төлеубаев қазақ жерінің қай өңірінде болсын ірі обалардың көпшілігінде алтын бар екенін айтты. Қарағанды жерінде археолог Арман Бейсенов Талды деген жердегі кішірек обалардан Шіліктінің сюжеті бар алтындар тапқан.


Оқи отырыңыз: "Қазақ тарихына ғашық болдым". Канадалық ғалым Qazaqlïq еңбегінде не жазды?


"Үржар ханшайымы, Тақсайдан табылған алтын киімді әйел – осының бәрі сақтардағы алтынның культі болғандығын көрсетеді. Сақтарға дейін де, сақтардан кейін де алтынның дәл осындай культі болмаған деген ойды айтып жүрмін. Сақтар алтынды ерекше қадірлеп, мінәжат еткен. Өз патшаларын, ақсүйектерін алтынға орап қойған. Тек адам ғана емес, 2020 жылы өз аталарымның жайлауы – Елеке сазы деген жерден алтын сәйгүлік таптым. Бұл дегеніңіз – аттың жүгенін, өмілдірік, құйысқанын, көпшік-тоқымын (сақтарда кейінгі көшпелілердегідей ағаш қасы бар ер-тоқым болмаған, тек басы-аяғына ағаш не басқа қатты зат тығындаған көпшік болған) сәндеген алтын әшекейлер. Олар да аң стиліндегі бейнелер. Атап айтсақ, барысқа ұқсаған, бірақ құлағы қалқайған жыртқыш, бұғы, бұлан, таутеке, самұрық құстың басы-тұмсығы, қанатын жайып мойнын бір жаққа қарай бұрып тұрған қара құс, қарғаның басы, аяғына үш қоңырауша ілінген құбыжық-барыс, бұғы-таутеке-барыс бейнесіндегі сикретті-дүбәра жыртқыш т.т. Оның ірі алтындарының саны – 850 дана. Жалпы, Шілікті алтын киімді адамы, Елекеден шыққан алтын сәйгүлік дүниежүзілік сенсациялық археологиялық жаңалықтар екенінде менің шүбәм жоқ, ал енді еліміз үшін бұл жаңалықтардың құны тіптен жоғары", – деді маман.

Серіктестер жаңалықтары