Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Каспий теңізінің құрғаған алқаптарына өсімдіктер егу бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Бұл зерттеу 2025-2027 жылдарға жоспарланған.
Каспий теңізінің деңгейі жыл сайын төмендеп, құрғаған алқаптарының аумағы кеңейіп келеді. Биыл су тасқыны кезінде артық суды теңізге бұру есебінен төмендеу деңгейі сәл баяулағанымен, ұзақмерзімді динамикада теңіздің құрғауы – табиғи құбылыс.
Осы орайда, мәжіліс депутаттары Каспий теңізінің құрғаған алқаптарына Арал теңізінің тәжірибесі бойынша сексеуіл егуді ұсынған болатын. Алайда, Роман Скляр ғалымдардың тұжырымына сүйене отырып, сексеуілдің орнына қарабарақ, сарсазан сынды алабұта тұқымдас өсімдіктерді егудің пайдалырақ екенін хабарлады. Оның түсіндіруінше, сексеуіл Аралдың тұзды табанында жақсы өсетін болса, Каспийдің тұзы азырақ жағалауы үшін аталған алабұта өсімдіктері әлдеқайда лайық. Дегенмен, бұл мәселе 2025-2027 жылдары Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ орман шаруашылығы және агроорман шаруашылығы ғылыми зерттеу институты жүргізетін зерттеу кезінде пысықталады.
Оқи отырыңыз:
- "Өлі балдырлардың шіруі себеп болған". Каспий теңізі түсінің өзгерісіне экологтар түсініктеме берді
- Су тасқыны кезінде Каспий теңізіне қанша су жіберілгені белгілі болды
"Экологиялық апаттың теріс әсерін азайтудың, тұздарды шығаруға қарсы борпылдақ тұзды қабатын нығайтудың және жылжымалы құмдармен күресудің ең қолайлы әдісі байырғы өсімдіктердің құрғаған түбіне орман өсіру болып табылады. Сексеуілдің өмір сүруін барынша арттыру үшін орман мелиорациялық жұмыстар ғылыми ұсынымдар мен жұмыс жобалары негізінде жүргізіледі. Ғалымдар тұзы аз топырақтарда сексеуіл егуді, неғұрлым тұзды топырақтарда галофитті өсімдіктердің (қарабарақ, сарсазан) тұқымдарын себуді ұсынуда", – деді Роман Скляр.
Үкімет өкілінің мәліметінше, 2021 жылдан бері Арал табанында 413 мың гектар алқапта орман мелиорациялық жұмыстар орындалған. Оның ішінде 2 мың тоннадан астам сексеуіл мен галофитті өсімдіктер тұқымы себіліп, 45 миллионнан астам сексеуіл көшеті отырғызылған.