Бүгінгі таңда технологияның қарыштап дамуы адамзат өміріне айтарлықтай жеңілдіктер әкелгенімен, қылмыстың жаңа түрлерінің белең алуына да жол ашып отыр. Осы ретте, Ақмола облысы аумағында ірі және аса ірі мөлшерде материалдық шығын келтіретін ауыр интернет-алаяқтық деректері тіркеліп жатыр. Заманауи айла-тәсілдерді шебер меңгерген қылмыскерлер қарапайым халықтың сеніміне кіріп, жиған-тергенін арам жолмен тартып алуды әдетке айналдырған. Бұл мәселенің әлеуметтік маңыздылығы мен қауіптілігі соншалық, қазіргі уақытта қылмыстың бұл түрі мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында тұр, деп мәлімдеді Ақмола облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Бекзат Ағиыққызы Назарова.
Жыл басынан бергі статистика
Ақмола облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының берген ресми мәліметтеріне сүйенсек, өңірдегі ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары мен талдау жұмыстары қылмыскерлердің ешқандай әлеуметтік топты аямайтынын, кез келген мамандық иесін құрығына түсіре алатынын көрсетті.
Осы орайда, Ақмола облысы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция майоры Бекзат Назарова өңірдегі ахуал мен негізгі көрсеткіштерді баяндады.
"Жыл басынан бері ғана облыс аумағында 412 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен 2025 жылы бұл көрсеткіш 557 деректі құраған болатын. Қазіргі таңда тіркелген қылмыстардың ішінде 114 іс толығымен аяқталды, ал өткен жылы бұл уақытта 84 іс аяқталған еді. Сондай-ақ, алаяқтардың заңсыз ақша айналымына көмектесіп, есепшоттарын берген 129 дроппер ұсталды. Жүргізілген ауқымды талдауға сәйкес, жыл басынан бері алаяқтардың құрығына түскендердің ішінде: 20-сы – мемлекеттік қызметкер, 15-і – білім беру саласының маманы, 10-ы – медицина қызметкері, 5-еуі – зауыт жұмысшысы, 70-і – қызмет көрсету саласының өкілі, 80-і – ЖШС және АҚ қызметкерлері, ал 55-і – жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар", – деді Бекзат Назарова.
Жалған хабарландырулардан – "ҰҚК" қоңырауларына дейін
Қазіргі уақытта виртуалды әлемдегі алаяқтардың қолданатын әдіс-тәсілдері күн санап түрленіп келеді. Олар азаматтардың психологиялық осалдығын, қорқынышын немесе тез арада табысқа кенелгісі келетін сезімдерін шебер пайдаланады. Тәжірибе көрсеткендей, интернет-алаяқтықтың ең көп таралған түрі – танымал платформаларда жалған ақпарат тарату. Атап айтқанда, OLX, "Колеса", Instagram сияқты интернет-ресурстарда жоқ тауарларды немесе қызметтерді көрсетіп, фейк хабарландырулар жариялау әлі де тыйылмай тұр. Тұрғындар арзан бағаға алданып, алдын ала төлем жасап, сан соғып қалып жатады.
Соңғы кездері алаяқтардың тікелей телефон арқылы байланысқа шығып, психологиялық қысым көрсету айлалары жиілеп кетті. Мысалы, олар кез келген адамға телефон соғып, өздерін "банк қызметкері", "ҰҚК" (Ұлттық қауіпсіздік комитеті), "Қазпошта" немесе ұялы байланыс операторларының өкілі ретінде таныстыруды жиілеткен. Олар "сіздің атыңыздан несие рәсімделіп жатыр" немесе "шотыңыз бұғатталды" деп адамды шошытып, барлық құпия мәліметтерді иемденіп алады.
Оқи отырыңыз: Клиенттердің атына миллиондаған теңге несие рәсімдеген банк менеджері ұсталды
Бұған қоса, оңай олжаға кенелгісі келетін азаматтарды "Қазатомөнеркәсіп", Kaspi profit сияқты елімізге танымал алпауыт компаниялар мен күмәнді платформалардың атын жамылып, қаржы салуға шақыратын тұзақтар да аз емес. Жоғары пайыздық табыс уәде еткен жалған брокерлер халықтың ақшасын жинап алып, ізім-ғайым жоқ болып кетеді.
Алаяқтар тек жаһандық мәселелермен ғана емес, қарапайым күнделікті тұрмыстық сылтауларды да іске қосады. Мәселен, соңғы уақытта олар коммуналдық қызмет қызметкерлерінің атынан хабарласып, су мен жылу есептегіштерін немесе үйдің домофонын ауыстыру қажеттігін айтып, тұрғындарды әлекке салады. Сондай-ақ, емхана қызметкерлері атынан хабарласып, "сізге электронды рецепт дайын болды" деп сендірсе, салық комитетінің атынан "жылдық декларация тапсыруыңыз керек" деп мазалайды. Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері атынан қоңырау шалып, "ЭЦҚ кілттеріңізді шұғыл жаңарту қажет" деп код сұрататындар да дәл осы алаяқтар.
Тіпті, олар халықаралық және отандық жеткізу қызметтерінің атын жамылып, "Қазпошта", Kaspi, Wildberries, Temu, Ozon атынан курьер болып хабарласып, "сіздің атыңызға сәлемдеме келді, қабылдау үшін кодты айтыңыз" деп айлаға көшеді. Тағы бір қауіпті үрдіс – WhatsApp әлеуметтік желісін бұзып кіру. Алаяқтар азаматтардың аккаунтын қолға түсіріп, оның ішіндегі жақын туыстары мен таныстарының атынан хат жазып, "тығыз ақша керек болып тұр еді, қарызға бере тұршы" деп, өзгенің жақындарын тақырға отырғызады.
Ұрланған қаражат қайда кетеді және қылмысты ашуға не кедергі?
Киберқылмыскерлер қолға түскен қаражатты заңдастырудың және жасырудың күрделі тізбегін ойлап тапқан. Сондықтан да ұрланған ақшаны бірден табу оңайға соқпайды.
Полиция майоры Бекзат Ағиыққызы қылмыстық схеманың жұмыс істеу принципі мен оны ашу барысында туындайтын негізгі қиындықтарды түсіндірді.
"Барлық жағдайда дерлік жәбірленушілердің ақшалай қаражаты бірден қылмыскердің қолына түспейді. Алдымен олар "жалған" банктік карталар мен арнайы жалданған дропперлердің есепшоттарына аударылады. Кейіннен бұл ұрланған қаражат із жасыру мақсатында халықаралық аударымдар сервисі арқылы сыртқа шығарылады немесе криптоәмиянға салынып, криптовалютаға айналдырылады. Қылмыстың бұл санатының ашылу көрсеткіші төмен болуының негізгі себебі – олардың көпшілігінің трансшекаралық сипатта болуында. Яғни, қылмысты ұйымдастырушы заң бұзушы басқа өңірде, тіпті көбіне Қазақстаннан тыс, мүлдем басқа мемлекетте отырып әрекет етеді. Бұл із кесу және кінәлілерді құрықтау процесін айтарлықтай қиындатады", – деді Бекзат Ағиыққызы.
Оқи отырыңыз: Бірнеше банкте несиеңіз болса, оны қалай реттеп, тиімдірек етуге болады
Тәртіп сақшылары халықты қырағы болуға, ешқандай жағдайда бейтаныс адамдарға жеке мәліметтер мен банк картасының құпия кодтарын бермеуге шақырады. Цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау – алаяқтардың алдын алудың ең сенімді жолы.
"Жыл басынан бері ғана облыс аумағында 412 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Салыстырмалы түрде айтсақ, өткен 2025 жылы бұл көрсеткіш 557 деректі құраған болатын. Қазіргі таңда тіркелген қылмыстардың ішінде 114 іс толығымен аяқталды, ал өткен жылы бұл уақытта 84 іс аяқталған еді. Сондай-ақ, алаяқтардың заңсыз ақша айналымына көмектесіп, есепшоттарын берген 129 дроппер ұсталды. Жүргізілген ауқымды талдауға сәйкес, жыл басынан бері алаяқтардың құрығына түскендердің ішінде: 20-сы – мемлекеттік қызметкер, 15-і – білім беру саласының маманы, 10-ы – медицина қызметкері, 5-еуі – зауыт жұмысшысы, 70-і – қызмет көрсету саласының өкілі, 80-і – ЖШС және АҚ қызметкерлері, ал 55-і – жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар", – деді Бекзат Назарова.