Ішкі істер министрлігі Түркістан облысында тойда уағыз айтып, әншілерді шайтанның азаншысына балаған тұрғынның қамауға алынғанын хабарлады.
"Әлеуметтік желілерде Түркістан облысының 66 жастағы тұрғынының жария айтқан сөздері түсірілген бейнежазбаның таралуына байланысты діни және әлеуметтік араздықты қоздыру белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – делінген ресми хабарламада.
Бұған дейін оның үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын.
Еске салайық, бұған дейін әнші Роза Әлқожа тойда тілек айтуға шыққан қонақтың әншілерді "шайтанның азаншысы" деп атағанын айтып, сынға алған болатын.
Кейін Президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қарин қоғамдағы мәдениет пен дінді бір-біріне қарсы қоюды және әсіредіншілдікті сынға алды.
Бұдан соң Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да мәлімдеме жасап, уағызшының әрекетін айыптады.
"Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз", – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.
Оқи отырыңыз:
Әншіні шайтанның азаншысына балаған уағызшыға қылмыстық іс қозғалды
Әншіні шайтанның азаншысына балаған пікірге діни басқарма жауап берді