Әлеуметтік желіде Алматыдағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының құрылысы опырылып түскенін бейнелейтін видео тарады. Студенттер сарайы қайта құру жұмыстары үшін жабылған болатын.
Видеодан Студенттер сарайы қаңқасының ішінен көтерілген ауқымды шаңды көруге болады. Бұл шаң құрылыс бөлігінің опырылып түскенінен кейін көтерілгені анық.
Осы жағдайға байланысты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады. Алайда, бұл мәлімдемеде құрылыстың неден опырылғаны емес, жалпы Студенттер сарайының жай-күйі мен оған не үшін қайта құру жұмыстары қажет болғаны айтылған.
"Шамамен 30 жылға жуық уақыт бойы қолданыста болған ғимаратқа күрделі жөндеу де, реконструкция да жүргізілмеген. Бұл өз кезегінде құрылыс конструкциялары мен инженерлік жүйелердің табиғи әрі айқын тозуына әкеп соқтырды. Университет пайдаланушы ұйым ретінде ғимараттың техникалық жай-күйін барлық кезең бойы бақылауда ұстап, оның конструктивтік элементтерінің нашарлай бастағанын тіркеп отырды. Осыған байланысты тіреуіш және қоршау конструкцияларына кешенді техникалық зерттеу жүргізу қажеттігі туындады", – деген мәлімдемеде.
2023 жылы жүргізілген тексеру нәтижесінде көптеген ақаулар мен зақымдар анықталып, Студенттер сарайының басынан құрылыс нормалары мен ережелері талаптарын өрескел бұза отырып пайдалануға берілгені белгілі болған.
"2024 жылғы қаңтарда Алматы мен оған іргелес аймақта әртүрлі қарқындылықтағы бірнеше жер сілкінісі тіркелді. Сейсмикалық белсенділік ұзақ уақыт бойы пайдаланылған және зақымдары анықталған ғимараттардың конструкцияларына қосымша әсер етуі мүмкін. Бұл жағдай Студенттер сарайының сейсмикалық төзімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді реконструкция жүргізу қажеттілігін одан әрі күшейте түседі. Университет Студенттер сарайының тарихи-мәдени құндылығын, оның қоғамдық орталық және мәдени-көпшілік шараларды өткізетін алаң ретіндегі маңыздылығын терең түсіне отырып, бұл нысанды сақтап қалу және қалпына келтіру туралы шешім қабылдады", – делінген мәлімдемеде.
ҚазҰУ-да не болып жатыр? Ұстаздар уәжі мен университет жауабы
"1,25 млрд теңгенің жобалары жүзеге асырылып жатыр". Тоқаев ҚазҰУ-дың ғылыми жобаларымен танысты