Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарушы ұйымдар шатырларды, маңдайшаларды және ортақ мүлікке жататын басқа да құрылымдарды қар мен мұздан уақытылы тазалауға міндетті. Бұл туралы қалалық Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы өкілдері хабарлады.
Қолданыстағы заңнама мен ортақ мүлікті күтіп ұстау шығындарын есептеу әдістемесіне сәйкес, кондоминиум нысандарын басқару ұйымдарының, оның ішінде МИБ, ПИК және басқарушы компаниялардың құзыретіне тұрғын үйлер мен іргелес аумақтардың санитарлық және техникалық жағдайын қамтамасыз ету кіреді.
"Міндетті жұмыстарға аулаларды күтіп ұстау, қар мен мұзды тазалау, шатырлар мен маңдайшаларды және ортақ мүліктің басқа да құрылымдарын мұз құрсауынан арылту жатады. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жазатайым жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Қауіпсіздік талаптары ерекше назарда: тазалау кезінде қауіпті аумақтар ескерту лентасымен қоршалып, тұрғындар алдын ала хабардар етілуге тиіс. Сонымен қатар барлық жұмыс қауіпсіздік техникасы талаптарына сәйкес жүргізілуі қажет. Ортақ мүлікті тиісінше күтіп ұстамау, оның ішінде қар мен мұзды уақытылы тазаламау үшін жауапкершілік басқару ұйымының төрағасына немесе қызмет көрсетуші ұйымға жүктеледі. Тұрғындар зиян келтірілген немесе даулы жағдай туындаған жағдайда өз құқықтарын заңда белгіленген тәртіппен, соның ішінде сот арқылы қорғай алады", – делінген хабарламада.
Басқарма өкілдері қыс мезгілінде шатырлар мен аулаларды уақытылы тазалау тұрғын үйлерді күтіп ұстаудың маңызды бөлігі екенін атап өтті. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен төтенше жағдайлардың алдын алудың негізгі шарасы.
USD:
461.9 / 464.5
EUR:
542.5 / 547.5
RUB:
5.95 / 6.07