Алматыда желілерді салу кезінде ереже бұзған мердігерлік компаниялар лицензиясынан айырылды

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі
Жауапсыз мердігерлерге қатысты 30 талап-арыз дайындалып, сот орындарына жолданған.

Алматыда 2025 жылғы құрылыс маусымының қорытындысы бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыру кезінде заңбұзушылықтарға жол берген бірқатар мердігер ұйымны лицензиясы алынды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Алматында өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, лицензия жұмыс кезінде талаптардың жүйелі түрде бұзылуына жол берген компаниялардан алынды. Олардың қатарында AsiaMax ЖШС, "СК 7 Строй" ЖШС, "Энерджи-Тараз" ЖШС, "Алатау сапа құрылыс" ЖШС бар.

"Жүйелі тексерістер мен жоспардан тыс бақылаулар нәтижесінде сапа мен нормативтік талаптардың сақталуын қамтамасыз етпейтін компаниялардың қала жобаларында жұмыс істеуге құқығы жоқ деген қатаң шешім қабылданды", – деді спикер.

Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, жауапсыз мердігерлерге қатысты 30 талап-арыз дайындалып, сот орындарына жолданған. Сонымен қатар, жобалау ұйымдары мен авторлық қадағалау органдарына қатысты да талап-арыз жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде инженерлік желілер мен абаттандыру элементтерінде жобалық шешімдердің дұрыс орналаспау фактілері бар.

Әкім орынбасары анықталған заңбұзушылықтарға байланысты жұмыстарды келісу тәртібі өзгертілгенін атап өтті.

"Ендігі кезекте барлық келісім тек қаланың басқармаларының қатысуымен жүргізіледі. Бұл бақылауды күшейтіп, барлық қатысушылардың жауапкершілігін арттырады", – деді Алмасхан Сматлаев.  

Сондай-ақ спикер мердігер және жобалық ұйымдарға нормативтік талаптарды, жұмыс жүргізу ережелерін және келісу рәсімдерін мүлтіксіз сақтаудың маңызын ескертті. Тиісті рұқсатсыз немесе белгіленген нормаларды бұза отырып жүргізілген жұмыстар қатаң әкімшілік шаралар арқылы тоқтатылады.

"Бұл айыппұлдар, қызметті тоқтату, келтірілген шығынды өтеу, келісім-шарттарды бұзу және лицензиядан айыруға дейін жетуі мүмкін", – деді әкімнің орынбасары.   

Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, қолданылатын шаралар 2026 жылы жоспарланған қалалық жобаларды сапалы әрі мерзімінде жүзеге асыра алатын мықты әрі сенімді мердігерлер тобын қалыптастыруға бағытталған.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары