Тікелей эфир

Алматыда жеке балабақашалардағы тамақ бағасын реттеуге 343 млн теңге бөлінді. Бұл балабақшаға кезекті азайтуы тиіс

Жыл басынан бері қалада 72 жекеменшік балабақша ашылды.

Биыл Алматыдағы балабақшаларға кезекті азайту мақсатында жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы тамақ бағасын реттеу үшін жергілікті бюджеттен 343 млн теңге бөлінді. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді. 

"Балабақша мәселесіне келгенде жекеменшік секторды тарту жұмыстарының жақсы жүріп жатқанын байқаймыз. Бұл жекеменшік инвесторлар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқасында қолжетімді болды. Жыл басынан бері қалада 72 жекеменшік балабақша ашылды. Оларға 4 мыңнан астам бала барып жүр. Ішінде 42-сі жаз айларында ашылды. Осылайша қалада 860 мектепке дейінгі білім беру мекемесі жұмыс істеп тұр. Олардың 22%-ы немесе 189-ы – мемлекеттік мекеме", – деді Бақытжан Сағынтаев.

Қала әкімінің мәліметінше, дәл қазір мектепке дейінгі мекемелерге 1-6 жас аралығындағы 69 490 бала барады. Соның ішінде 63 920-сы – 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер. Осы орайда мемлекеттік тапсырыс ұлғайып, балаларға 10 240 орын жасақталды. Оның ішінде 4 378 орын 67 жаңа салынған жекеменшік балабақшадан таңдалды. 


Оқи отырыңыз: Ваучер деген не? Ол балаларды балабақшамен толық қамту мәселесін шеше ме?


"Былтырдан бері мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейтін жаңадан ашылған жекеменшік балабақшаларда тамақтандыру механизмін субсидиялау бойынша жұмыстар жүргіздік. Бұл балаларды толықтай мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету, тамақ бағасы саясатын реттеу және балабақшаға кезекті азайту үшін қажет. Осы жылдың өзінде жаңадан ашылған жекеменшік балабақшалардағы тамақ бағасы саясатын реттеуге жергілікті бюджеттен 343 млн теңге бөлінді", – деді әкім. 

Сағынтаевтың айтуынша, Бостандық және Наурызбай аудандарында жаңа екі балабақшаның құрылысы аяқталды және Түркісіб ауданында бір балабақшаның құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ, Әуезов ауданында мемлекеттік балабақша бүлдіршіндерді күтіп алуға дайын. Бұған дейін ол ұзақ мерзімге жалға берілген болатын. 

"Бұрынғы екі мемлекеттік балабақшаның ғимараты жөндеуден өтті. Тағы төрт балабақшаны сатып алу жұмыстары жүріп жатыр: Алмалы, Жетісу және Әуезов ауданын екеу. Олардың әрқайсысы 320 орынға есептелген. Жуырда тағы 10 мектепке дейінгі ұйым салынады. Ол шамамен 2 мың орынға есептелген", – деп сендірді Бақытжан Сағынтаев. 

Еске салсақ, қазақ сыныбында білім алатын оқушылар үлесі төмендеді. Биыл бірінші сыныпқа баратын 380 мың баланың тек 65%-ы қазақ сыныбында білім алады.

Серіктестер жаңалықтары