Тікелей эфир

Алматыда жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы әзірленеді

Атласқа қазірдің өзінде сұранысқа ие және жақын арада пайда болатын мамандықтар енеді.

Алматы қаласының Білім басқармасының тапсырысы бойынша Алматы менеджмент университетінің Креативті индустриялар орталығы "Алматы қаласын 2030 жылға дейінгі дамыту перспективасындағы негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы" жобасын әзірлеуді бастады.

Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы – бұл әр сала сарапшыларының пікірінше қазірдің өзінде сұранысқа ие және жақын арада пайда болатын кәсіптер жинағы. Бұл атластағы кәсіптер мен құзыреттер алдағы 5-10 жылға анықталады. Одан кейін қандай мамандықтар өзекті болатынын анықтау үшін Foresight (Форсайт) әдістемесі қолданылады. Болашақ сценарийлерін әзірлеудегі жетекші рөл өз саласында айтарлықтай тәжірибесі бар, саланың дамуына әсер етуші және болашақтың дамуына өзіндік көзқарасы бар салалық сарапшы мамандарға тиесілі. 

Форсайт-сессия жұмысындағы негізгі мақсат – кәсіби қызмет салаларының өзгеруіне әсер ететін, уақыт өте келе дамитын үрдістерді анықтау және талдау. Ескі кәсіптердің өзгеруі немесе жаңа кәсіптердің пайда болуы қандай технологиялардың дамитынына және болашақ сценарийлерді қандай трендтер анықтайтынына байланысты. 

"Мамандығым – болашағым" бағдарламасының мақсаты – өңір экономикасының ерекшелігін ескеретін өңірлік карталарды қалыптастыру. Біздің жағдайда бұл – республикалық маңызы бар, ең ірі, сонымен бірге экономикалық тұрғыдан күрделі, дәл осы өнімді шығармашылық компонентті дамытуда үлкен әлеуеті бар Алматы қаласы. Бағдарламаға үш тарап қатысады: жергілікті атқарушы орган, аймақтық білім беру жүйесі және бизнес. Осы карта арқылы олар өздерінің кадрлық қажеттерін алдын ала тұжырымдай алады", – деді ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда 900-ден астам мамандыққа өзгеріс енгізіледі


"Алматы қаласының жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы" жобасының жетекшісі Дана Шаяхметтің сөзінше, атлас бір жағынан қандай мамандықтар ескіргенін, екінші жағынан колледждерде, ЖОО-ларда қандай мамандықтар пайда болатынына әсер етеді. Атлас 6 бағыт бойынша әзірленеді.

"Биыл Алматы қаласының жергілікті бюджетінен қаржы бөлініп, 6 бағыт бойынша 2030 жылға дейін қандай мамандықтар, қандай құзыреттер сұранысқа ие болатыны анықталмақ. Білім басқармасы ретінде біз жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысын жоспарлаймыз. Сондықтан бұл жобаның берері көп. Экономикалық бағыттан шығып жатқан ескі мамандықтарды жабу бойынша жұмыс жүргіземіз. Мектеп жасындағы оқушылар 7-сыныптан бастап бағытын таңдайтынын білесіздер. Жобаның нәтижесінде біз оларға Алматы қаласында мынадай мамандықтар пайда болады деп айта аламыз", – деді Алматы білім басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Биекова.

"Мамандығым – болашағым" жобасының аясында 94 сұхбат өткізіліп, 1298 болжам жасалынған. 916 адам форсайт-сессияға қатысып, 9 салаға арналған форсайт-сессиялар нәтижесінде 463 мамандық іріктелді. Оның 239-ы – жаңа, 95-і өзгеріске ұшыраса, ал 129-ы жойылуы мүмкін.

Серіктестер жаңалықтары