Алматыда тауға шыққан бес ер адам жолдан адасып, терең шатқалға түсіп кеткен. Құтқарушылар туристерді аман-есен қауіпсіз жерге түсірді, деп хабарлайды ТЖМ.
Оқиға Медеу ауданында, теңіз деңгейінен шамамен 3200 метр биіктіктегі "Жас геолог" шыңы маңында болған.
Бес азамат таңертең "Казачка" кемпингінен шығып, шыңға қарай бет алған. Алайда таудағы соқпақты жоғалтып, бағыттан ауытқып кеткен. Соның салдарынан олар терең шатқалға түсіп қалған. Туристермен байланыс үзілмеген. Осыған байланысты құтқарушылар олардың орналасқан жерін телефон арқылы алынған координаттардан жедел анықтаған.
Алматы қаласы Мониторинг және жедел ден қою орталығының құтқарушылары іздестіру-құтқару операциясын жүргізіп, туристерге жеткен.
Мамандар бес азаматты "Алма-Арасан" экобекетіне дейін қауіпсіз түсірді. Туристердің жағдайы қанағаттанарлық болған, медициналық көмек қажет болмаған. Кейін олар үйлеріне өз беттерінше қайтқан.
ТЖМ тауға шығар алдында маршрутты мұқият жоспарлап, белгіленген соқпақтардан ауытқымауға және сапар туралы жақындарына алдын ала хабарлауға шақырды.