Қазақстанда Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатқан күні елдегі қоғамдық-саяси жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілері тіркелген жоқ, деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, полицияның басты міндеті – дауыс беру басталған сәттен бастап сайлау аяқталғанға дейін қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
"Барлық дайындық алдын ала жүргізілді. Сайлау учаскелерінің қауіпсіздігі тексеріліп, олар тәулік бойы күзетке алынды. ІІМ-де жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Елдің барлық өңірінен ақпарат үздіксіз, онлайн режимде түсіп отыр. Қазіргі уақытта елдегі жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілері тіркелген жоқ", – деді Шыңғыс Алекешев.
Министрлік сайлау учаскелерінің қауіпсіздігі алдын ала тексерілгенін және полицияның жағдайды бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.
ІІМ өкілі полиция қызметкерлері сайлау процесіне араласпайтынын атап өтті. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері дауыс беру залына тек сайлау комиссиясының төрағасы шақырған жағдайда ғана кіре алады.
Қазақстанда бүгін, 23 тамызда, Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр.