Тікелей эфир

Алматыда көпқабатты үй тұрғындары көлік тұрағына қол жеткізе алмай жүр

Тұрғындардың айтуынша, көлік қоятын орынды әлдекімдер автосалонға айналдырған.

Жарты жылдан бері көлік қоятын орынды белгісіз біреулер иемденіп, темір тұлпарларын қаз-қатар тізіп қойған. Тұрғындардың айтуынша, тіпті кеңселерін ашып, автосалонға айналдырған, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

«Еламан» тұрғын үй кешенінің көлік тұрағында бағалы автомобильдердің көбейіп кеткенін әуел баста тұрғындар аңғармаған. О баста көршілердің көліктері деп ойлаған азаматтар аса мән бере қоймапты.

«Мен жұмыстан таңғы 04:00-де келемін, көлік қоюға орын жоқ. Кеше санағанда 26 көлік тізіліп тұрған. Осында 26-сы, ана жақта 17-сі тізіліп тұрған. Енді қазір келсек, екеуі ғана тұр, қалғандарын шашыратып қойған», – деді «Еламан» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Клара Төлегенова.

Тұрғындардың айтуынша, автотұрақты иемденгендер тұрғын үйдің төменгі қабатынан кеңселерін ашып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Әбден шыдамы таусылған жандар пәтер иелері кооперативі бұл іске салғырт қарап, көлік қоятын орынды жекенің меншігіне бергеніне шағымдануда.


Оқи отырыңыз: «Жасанды көл тасуы мүмкін». Ұзынағаш тұрғындары кәріз қалдығы жиналатын орынға қатысты наразылық білдірді


Тұрғын үй кешеніне жауаптылар бұл мәселені шешуге тырысатынын айтты.

«Олар бізге 1 сәуірге дейін алып тастауға уәде берді, бірақ әлі алып тастамады. Кеше тағы да сөйлестік. Тұрғындардан тағы шағым түсті. Бұл мәселені осы айдың соңына дейін шешуге тырысамыз», – деді «QAZAQ HOME» ЖШС Менеджері Ақжарқын Бөлегенқызы.

Көлік тұрағын осы уақытқа дейін пайдаланып келген компания басшысы бұған дейін рұқсат туралы сөз болмағанын айтады. Темір тұлпарларды жалға берумен айналысатынын айтқан азамат бүгінде автокөліктердің басым бөлігін алып тастағанын айтты.

«Мен пәтер иелері кооперативіің мамандарынан «Тұрақ барлық тұрғындарға ортақ па?» деп сұраған едім, «Иә» деген жауап алдым. Көлікті қою, алып тастау үшін арнайы рұқсат болу керектігі жөнінде ешкім ескертіп айтқан жоқ. Біз бұл жерге кіргенде тұрғын үйде ешкім болмаған. Қазір мұнда тек 7-8 көлік қана тұр. Оның өзін жақын уақытта алып кетеді», – деді компания басшысы Рустам Насыров.

Серіктестер жаңалықтары