Алматының Жетісу ауданында автобус жол жиегінде тұрған жүк көлігімен соқтығысып, төрт адам медициналық көмекке жүгінді. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті мәлімдеді.
Жол-көлік оқиғасы бүгін сағат 13:25 шамасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Golden Dragon автобусы Бөкейханов көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Райымбек даңғылына жақындаған кезде жүргізуші рульге ие бола алмай қалған. Салдарынан автобус жол жиегінде тұрған ЗИЛ жүк көлігіне соғылған.
Соққыдан ЗИЛ инерциямен алдында тұрған ГАЗ көлігіне барып түйіскен.
Полицияның мәліметінше, жол апатынан төрт адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Олардың арасында ЗИЛ жүк көлігінің жүргізушісі мен автобустың жолаушылары бар.
"Жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт адам медициналық көмекке жүгінді. Олардың арасында ЗИЛ көлігінің жүргізушісі мен автобустың жолаушылары бар. Аталған жол-көлік оқиғасына қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Апаттың мән-жайы мен себептері анықталуда", – делінген Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.