Алматыда өздерін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ретінде таныстырып, қарумен қорқытып, тұрғыннан ақша талап еткен төрт адам ұсталды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, күдіктілердің барлығы бұрын сотталған. Олардың біреуі адам өлтіргені үшін жазасын өтеген. Оқиға 10 тамызда болған. Алдын ала сөз байласқан бір топ адам жәбірленушіні аңдып, кейін өздерін полиция қызметкерлері ретінде таныстырған.
"Күдіктілер тұрғынды тапаншамен қорқытып, көлікке отыруға мәжбүрлеген. Кейін оны қала сыртына алып кеткен. Қысым көрсетіп, жәбірленушіні туысына телефон шалуға мәжбүрлеген. Нәтижесінде оның туысы күдіктілер көрсеткен есепшотқа 3 млн теңге аударған", – делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, күдіктілерді ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ұстаған. Қазір олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту барысында екі мылтық, карабин, газ тапаншасы және оқ-дәрілер тәркіленген.
"Тергеу амалдары жалғасып жатыр", – деп хабарлады ІІМ.
Осыған ұқсас қылмыстық іс Ақтөбе облысында да қозғалған. Онда бұрын сотталған жергілікті тұрғын ұсталды. Ол өзін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкері ретінде таныстырып, жергілікті тұрғындардан психологиялық қысым арқылы ақша талап еткен.
ІІМ мұндай қылмыстардың, соның ішінде бопсалау, қорқыту және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің мәртебесін заңсыз пайдалану фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді.