Алматыда 3 пен 14 жас аралығындағы әртүрлі ауруға шалдыққан 382 бала тегін медициналық ем алу үшін оңалту орталығына жолдама алды. Сондай-ақ, демеушілердің қолдауымен 2 338 бала туристік және мәдени орындарға жолдама алды. Бұл туралы Алматы қаласы "Бақытты отбасы" орталығының жетекшісі Зүлфия Байсақова мәлімдеді.
Қазіргі уақытта қала бойынша жалпы 9 "Бақытты отбасы" орталығы жұмыс істейді. Зүлфия Байсақованың айтуынша, орталықтың мақсаты әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ету. Мұнымен қатар, олардың экономикалық тәуелсіздігі мен қиын жағдайларды жеңуге ынтасын арттыру.
"Қазір орталыққа 4 643 адам көмек сұрап келіп отыр. 35 250 адамға ақпараттық-консультациялық және ресурстық қолдау көрсетілді. 5 694 адам тұлғалық өсу, балаларды тәрбиелеу, психологиялық, көшбасшылық және отбасылық құндылықтар тақырыбындағы "Бақытты отбасы" орталығының базалық тренингінен өтті. Тағы 4 676 адам білім беру курсын оқыды. 3 жастан 14 жасқа дейінгі 382 бала ауруына байланысты тегін медициналық көмек алу үшін оңалту орталықтарына жіберілді. Бұдан өзге 10 099 аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға демеушілер мен меценаттардың қолдауымен азық-түлік себеті, киім-кешек, балаларға арналған гигиеналық заттар, ойыншықтар және тағы басқа табысталды. 11 052 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіліп, 5 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен 2 338 балаға туристік және мәдени орындарға сапар ұйымдастырылды", – деді орталық жетекшісі.
Зүлфия Байсақованың мәліметінше, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан 370 адам тұрақты және уақытша жұмыс орнына орналастырылды. Бұдан өзге Isker Ana жобасы аясында көп балалы аналарға заңгерлік және психологиялық көмек көрсетуден бастап кәсіпкерлік негіздеріне курстарға жолдама алуға, бизнес-жоспар құруға, бизнес ашуға, грант немесе микрокредит алуға мүмкіндік беріліп отыр.
"Isker Ana жобасы аясында көп балалы және аз қамтылған отбасыларды жұмыспен қамту және жеке кәсібін ашуға көмектесу мақсатында Әуезов ауданында 2 азық-түлік, 2 киім-кешек сауда үйі және аспаздық цех ашылды. Түрксіб, Алмалы, Алатау, Әуезов аудандарында 4 тігін цехы, Медеу ауданында 2 тігін цехы және Түрксіб ауданында "Іскер ана" сауда үйі өз жұмысын бастады. Қазіргі уақытта аталған нысандарда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан 76 адам жұмысқа орналастырылды", – деді орталық басшысы.
Сөз соңында Зүлфия Байсақова көп балалы және аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету шаралары жалғаса беретінін хабарлады.
Еске салсақ, 15 қыркүйекте халықты емханаға тіркеу науқаны басталатыны туралы хабарлаған едік. Осы орайда, алматылықтар 73 бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымының көмегіне жүгіне алады.