Тікелей эфир

15 қыркүйекте халықты емханаға тіркеу науқаны басталады. Азаматтар нені ескеруі керек?

Алматылықтар 73 бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымының көмегіне жүгіне алады.

Жыл сайын өтетін дәстүрлі кампания 15 қарашаға дейін созылады. Осы орайда "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев емхана таңдайтын кезде нені ескеру керегін айтты. 

2021 жылы алматылықтардың 73 бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымына тіркелу мүмкіндігі бар. Оның 40 ұйым – мемлекеттік емхана, қалған 33-і – жекеменшік клиника.

"Тіркеу науқаны кезінде азаматтар өзі тұратын аумақтағы мемлекеттік қана емес, жекеменшік клиникаларға да тіркеле алады. Биыл науқан барысында емхана ауыстырған азаматтар өзі таңдаған емдеу мекемесінің қызметін 2022 жылдан бастап пайдаланады. Бірақ емхана ауыстыру міндетті емес. Бұрынғы емхана қызметіне көңілі толатын азаматтар әрі қарай да сол клиниканың қызметін пайдалана берсе болады", – деп түсіндірді Тілеухан Әбілдаев. 

Емхана екі жағдайда өзін таңдаған азаматты тіркемеуі мүмкін. Біріншісі – азамат емхана көмек көрсете алатын аумақтан айтарлықтай алыс жерде тұрса, екіншісі – мекемеге тіркелушілер саны шектен асса. Қолданыстағы нормативке сәйкес, учаскедегі жалпы тәжірибе дәрігеріне тіркелетін адам саны 1 700-ден аспауы тиіс. Осы орайда, филиал директоры емхана таңдаған кезде нені ескеру керектігін айтты. 

"Бірінші кезекте таңдаған емханаңыз міндетті түрде медициналық қордың негізгі базасына тіркелген болуы тиіс. Себебі, осы базаға тіркелген ұйымдар ғана болашақта екі пакет бойынша азаматтарға жоспарлы, керек жағдайда төтенше көмек көрсете алады. Екіншіден, азаматтар өзі таңдаған мекеменің тұратын жеріне қаншалықты жақын екенін ескеруі керек. Бұл дәрігерлердің тұрғылықты мекенжай бойынша бара алуы үшін маңызды. Әсіресе, коронавирус пандемиясы кезінде", – деді Тілеухан Әбілдаев. 

Сондай-ақ, ол биыл тіркеу тәртібіне бірқатар өзгеріс енгізілгенін айтты. Бұдан былай Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келген еңбек мигранттары емханаға тіркелу үшін ерікті медициналық сақтандыру полисін сатып алуы тиіс. Олар тіркелу үшін емхананың тіркеу бөліміне барып өтініш жазады. Мекеменің медициналық сақтандыру қорына тіркелгеy-тіркелмегенін www.fms.kz ресми сайтына кіріп тексеруге болады.  

Серіктестер жаңалықтары