Тікелей эфир

Алматы тұрғындары өрттен зардап шеккен қостанайлықтарға қалай көмек беріп жатыр?

Алматыдағы гуманитарлық көмек жинау шаралары шамамен бір аптаға созылады.

Informburo.kz тілшілері Алматыдағы еріктілер штабында болып, гуманитарлық көмек қалай жиналып жатқанын көріп қайтты.

"Мен – алматылықпын"

"Мен – алматылықпын" қоғамдық қозғалысының кеңсесі негізінен ұзақ сақтауға жарамды өнімдер: жарма, консервілер, макарон өнімдерін қабылдайды. Журналист, ерікті Қарлығаш Исабекованың айтуынша, қозғалыстың төтенше жағдайларда әрекет ету алгоритмі қалыптасқан.

Фото: Informburo.kz

"Біз тез жинала қаламыз. Өйткені, волонтерлікпен ұзақ уақыт бойы айналысып келеміз. Төтенше жағдай туралы естіген бойда бірден ұйыдасып, басқа волонтерлік ұйымдармен бірге мұқтаж жандарға көмектесуді бастаймыз", – деді қозғалыс белсендісі.

Қарлығаш Исабекова. Фото: Informburo.kz

Қарлығаш Исабекованың айтуынша, Алматыдағы гуманитарлық көмек жинау шаралары шамамен бір аптаға созылады. Қозғалыс жетекшісі, Мәжіліс депутаты Константин Авершин басқа белсенділермен бірге Қостанай облысына аттанған. Жақын арада зардап шеккендердің азық-түлік пен киім-кешектен басқа тағы қандай қажеттілігі бар екенін айтуға тиіс.

Фото: Informburo.kz

"Қазір қостанайлықтарға қол ұшын созғысы келетіндер көп. Осы ретте тек сенімді волонтерлік ұйымдарға ғана сенуге шақырамын. Небір адамдар қаражат жинауды бастаған, олардың арасында алаяқтар да бар деп естідім. Осындай жағдайды пайдаланып қалғысы келетін адамдар бар. Сондықтан, шынымен көмектескісі келетін және көмегінің нақты мұқтаж адамдарға жеткенін қалайтын адамдар кімге жіберіп жатқанына мән беруі керек. Әзірге "Мен – алматылықпын" қозғалысы әлі ресми түрде қаражат жинауды бастаған жоқ", – деп атап өтті Қарлығаш Исабекова. 

Фото: Informburo.kz

Белсендінің айтуынша, қазір кеңседе бірнеше адам түскен заттарды сұрыптаумен айналысады. Зардап шеккендерге көмек көрсетуге ондаған қазақстандық атсалысып жатыр. Мәселен, елордадағы "Мен – алматылықпын" қозғалысына 50-ге жуық адам жиналып, азық-түлік тиелген екі жүк көлігін Қостанай облысына жөнелткен.

Фото: Informburo.kz

Алматыда да заттарды жеткізіп беруге келісіп отырған транспорт ұйымдары бар. Тағы бір компания жарты тонна жуынатын зат беруге уәде берген. Адамдар күндіз-түні жауап береді, деп атап өтті волонтер.

Фото: Informburo.kz

Қарлығаш Исабекова волонтерлік бірлестіктердің бір-бірімен ынтымақтаса жұмыс істейтінін айтты. Ол тележүргізуші Адель Оразалинованың да көптен бері мұқтаж жандарға көмектесіп келе жатқанын, сондай-ақ жоғалған адамдарды табуға маманданған Lider.kz ұйымының да осындай маңызды акцияларға қатысуға дайын екенін атап өтті.

Фото: Informburo.kz

Amanat партиясы

Amanat партиясының Алматыдағы кеңсесінде де жұмыс қызу жүріп жатыр.

Фото: Informburo.kz

Партия жанындағы "Жастар рухы" жастар қанаты Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әсел Заирова гуманитарлық көмек жинау бойынша ақпараттық жұмыс 3 қыркүйек күні басталғанын айтты.

Әсел Заирова. Фото: Informburo.kz

Ал 4 қыркүйек күні таңғы сағат 9-дан бастап партия кеңсесінде азық-түлік пен заттарды жинау басталған. Сол күні "Жастар рухы" белсенділері Қостанай облысына гуманитарлық көмек тиелген үш жүк көлігін жөнелткен. Ал 5 қыркүйекте 15-20 ерікті  Алматыдан оқиға орнына аттанған.

Фото: Informburo.kz

Әсел Заированың айтуынша, Қазақстанда барлығы 1 200-ге жуық волонтер жұмыс істейді, оның ішінде жүзге жуығы – Алматыда. Әзірге ұзақ сақтауға жарайтын азық-түлік, киім-кешек және тұрмыстық техника жиналып жатыр.

Фото: Informburo.kz

Оқи отырыңыз:

Серіктестер жаңалықтары