Жамбыл облысында алкоголь өнімдерін сатуға қойылған шектеуді бұзған ірі супермаркет лицензиясынан айырылып, 3 миллион теңгеден астам айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Ведомство мәліметінше, Байзақ ауданында қоғамдық тәртіпті нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында "Алкогольсіз ауыл" бастамасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында аудан прокуратурасының үйлестіруімен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен Абай, Базарбай және Байзақ ауылдарында алкоголь өнімдерін сату толық тоқтатылған.
Прокуратураның мәліметінше, алкоголь айналымына қатысты заң талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы бойынша 25 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
"Соның бірі – Байзақ ауданындағы ірі супермаркет. Байзақ аудандық сотының 2026 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен кәсіпорынға тыйым салынған уақытта алкоголь өнімдерін сатқаны үшін 432 мың теңге айыппұл салынып, лицензиясының қолданылуы бір айға тоқтатылған. Алайда рейд барысында лицензиясының күші тоқтатылған кезеңде кәсіпорынның алкоголь өнімдерін сақтауды жалғастырғаны анықталған", – делінген хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде кәсіпорын Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 282-бабы 1-бөлігінің 7) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, лицензиясынан айырылды. Сонымен қатар оған 3 миллион теңгеден астам мөлшерде әкімшілік айыппұл салынды.
Прокуратураның мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде Байзақ ауданында мас күйінде жасалған қылмыстар саны 73,4 пайызға азайған. Ведомство кәсіпкерлерді алкоголь өнімдерінің айналымына қатысты заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды.