Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр ауылында болған атыс салдарынан екі адам оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға қатысты төрт күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 9 шілде күні таңертең болған. Интернетте оқиға орнынан түсірілген фотосуреттер мен зардап шеккендердің суреттері жарияланды.
Маңғыстау облысы полиция департаментінің мәліметінше, ауруханаға оқ жарақатымен жеткізілген екі жас жігітке медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
"Аталған дерек бойынша адам өлтіруге оқталу, бұзақылық, сондай-ақ суық қаруды заңсыз алып жүру және өткізу баптары бойынша қылмыстық істер қозғалды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жанжалға қатысушылар анықталып, ұсталған. Қазір төрт күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қаза тапқандар жоқ", – деп мәлімдеді ведомство.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.