Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі әлеуметтік желіде фолловер тартуға қатысты өз пәтуасын шығарды.
Дін ғұламаларының түсіндіруінше, әлеуметтік желідегі парақшаларда фолловер санын арттыру негізгі екі көріністе жүзеге асады:
Фолловер санын шынайы жазылушылар арқылы жүзеге асырады. Яғни қызмет көрсетуші тарап белгілі бір аккаунтты, парақшаны, жазбаны немесе соған ұқсас нәрсені жарнамалап, оны кеңінен таратуды өз мойнына алады. Бұл жарнаманы бірнеше рет жариялау арқылы ол мүмкіндігінше көп қолданушыға қол жеткізіп, олардың қаралымын, лайк басу ықтималдығын арттырады. Осылайша ол компания, яғни тапсырыс беруші тараптың көздеген мақсатына қол жеткізуге көмектеседі.
Бұл жағдайда көрсетілген қызметке ақы төлеу жұмысқа жалдау келісіміне ұқсайды. Ал шариғатта біреуді белгілі бір қызмет көрсетуге жалдауға рұқсат етілген.
Фолловер саны жалған (бот) аккаунттар арқылы жасалады. Бұл – нақты адамдардың тіркеліп, лайк басуы емес, қолдан жасалған шындыққа жанаспайтын әрекет. Шариғатта бұған тыйым салынады. Себебі ол іс-әрекет алдамшылық әрі оған төлемақы алу кісі ақысын жеу болып саналады.
"Егер тапсырыс беруші бұл жалған әрекетті өзі біле тұра тапсырыс берсе, мұндай жағдайда күнәнің ауырлығы арта түседі. Өйткені ол өз парақшасын қолданушылардың алдында шын мәнінде жоқ сипаттармен көрсеткісі келеді. Бұл музәууир "өтірікші, жалған құжат жасаушы, бұрмалаушы» болып есептелгендіктен шариғатта оған тыйым салынған. Ал мұсылман адам адалдық пен шынайылықты ұстанып, еңбегін таза жолмен табуы тиіс", – делінген ҚМДБ ресми сайтында.
Ғұламалар кеңесінің шешімі:
Әлеуметтік желідегі парақшаларда фолловер санын шынайы қолданушылар арқылы (шариғатқа қайшы келмейтін жолдармен) арттыруға және мұндай жағдайда көрсетілген қызметке ақы төлеуге рұқсат етіледі.
Фолловер санын жалған, бот аккаунттар арқылы арттыруға әрі оған ақы төлеуге тыйым салынады.
USD:
510.1 / 514.1
EUR:
594.5 / 599.5
RUB:
6.39 / 6.51

