2030 жылы мұсылмандар бір жылда екі мәрте ораза ұстайды. Ал биыл ораза қыста басталады

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Мұсылмандар қыста соңғы рет 2002 жылы ораза ұстаған болатын.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен діни күндер кестесіне сәйкес, 2026 жылы ораза қысқы ай – 19 ақпанда басталып, 20 наурыз күнгі Ораза айтпен аяқталады. 

Еске салсақ, қысқы айға сәйкес келген Рамазан айы соңғы рет 2002 жылы болған. Бұл жылы мұсылмандар 5 қараша мен 5 желтоқсан аралығында ораза тұтқан болатын. Енді, міне, араға 23 жыл салып, Рамазан айы қайтадан григориан күнтізбесі бойынша қысқы айға сәйкес келеді. Биылғы ораза кестесін ҚМДБ Рамазан айының қарсаңында жариялайды. 

Күн қысқа, түн ұзақ қысқы айларда ораза ұстау біршама жеңіл екені белгілі. Ал төрт жылдан соң, яғни, 2030 жылы мұсылмандар екі мәрте ораза ұстайды. Бұл жылы Хижра бойынша Рамазан айының басталуы қаңтардың басына сәйкес келетін болса, келесі ораза желтоқсан айының соңында бастау алады. Сәйкесінше, мұсылмандар бір жылда екі рет ораза ұстайды. 

Айта кетейік, Рамазанға дайындық айы болып есептелетін Шағбан айы 20 қаңтарда басталады. Діни басқарманың түсіндіруінше, шағбан – мұсылмандардың қасиетті үш айының бірі. Шағбан айында сауаптар еселеніп қана қоймай, күнәлардың кешірілуі мен дұға-тілектердің қабыл болу мүмкіндігі молая түседі. Себебі шағбан айындағы елеулі де ерекше сәттердің бірі – Бәраат түні. Яғни қасиетті шағбан айының 15-і (биыл ақпанның 2-сінен 3-не қараған түн) – Бәраат түні. Бұл түн – періштелер жер бетіне түсетін, дұғалар қабыл болатын, кері қайтарылмайтын берекелі түн. 

Серіктестер жаңалықтары