Айзат Жұманованы ұрып-соғып өлтірген жұбайы 14 жылға бас бостандығынан айырылды

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Айзат Жұманова ауыр соққылардан ауруханада көз жұмған болатын.

Жетісу облысында сот Айзат Жұманованың өліміне қатысты іс бойынша Айбар Жанболатқа үкім шығарды, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Сот мәліметінше, 2025 жылғы 22 маусымға қараған түнгі оқиға кезінде Айбар Жанболат алкогольдік масаң күйде болған. Ол жұбайын үй ауласынан сыртқа шығарып, бірнеше рет ұрған. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілгенімен, көп ұзамай сол жерде қайтыс болды.

"Сотталушының кінәсі сараптама қорытындыларымен, куәгерлердің айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен және істің өзге де материалдарымен дәлелденеді", – делінген хабарламада.

Айбар Жанболатқа Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі ("Кісі өлтіру") бойынша айып тағылды. Бұл бап бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот оның кінәсін ішінара мойындағанын және бұрын заң бұзушылыққа қатысы болмағанын ескерді. Ауырлататын мән-жай ретінде қылмыстың алкогольдік мас күйінде жасалғаны танылды.

Сот Айбар Жанболатты кінәлі деп танып, оған ең жоғарғы шекке жуық жаза – 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Ол жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Серіктестер жаңалықтары