Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Түркістан" газетіне берген сұхбатында әлеуметтік желіде тараған "сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыты болудан қалды" деген сыңайдағы пікірге жауап берді.
"Мұндай пікірлерден хабарым бар. Оның бәрін дұрыс түсінбеушілік немесе кейбір "арам ойлы" адамдардың бос әңгімесі деп санаймын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дербес мемлекеттік орган ретінде өзіне жүктелген міндетті табысты орындады. Оған кінә арта алмаймыз. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де жемқорлықпен күреседі. Екі мекеменің бір міндетті қабаттаса атқаруы мемлекеттік маңызы бар жұмысқа кесірін тигізе бастады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Сыбайлас жемқорлықпен барлық деңгейде күресу мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретініне баса тоқталды.
"Қабылданған шешім қатардағы жемқорларды ғана емес, қылмыстық әрекеттің идеологтары мен ұйымдастырушыларын да жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру және ағарту жұмыстарына әдеттегідей айрықша назар аударылады. Қазір бұл – мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құзырындағы міндет. Жалпы, жемқорлықтан аулақ болу қажеттігін балалардың құлағына жастайынан құя берген жөн. Бұл жерде мектептер, қоғамдық ұйымдар, белсенді азаматтар, әсіресе, ата-аналар шешуші рөл атқаруға тиіс. Сол кезде елімізде жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа мүлдем төзбеу мәдениеті қалыптасады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті санмен әуестенбей, сапаға мән беріп, жемқорлыққа қарсы нақты жұмыс жүргізеді. Сонда мемлекеттік қызметшілер құқық қорғау қызметкерлеріне жалтақтамай, батыл шешім қабылдайтын болады", – деді президент.
USD:
511.5 / 514.9
EUR:
594.5 / 599.5
RUB:
6.23 / 6.43

