Тікелей эфир

Айсырға, андыз, сәукеле. Қазақша этнографизмдер туралы видеолар әзірленді

Фото: Тіл білімі институты
Фото: Тіл білімі институты
Материалдар алдағы уақытта корпус базасына толықтай енгізілетін болады. 

Қазақ тіліндегі этнографизмдердің лексикалық мағынасы және ашық, жабық кодта сақталған мәдени-семантикалық белгіленімі қойылған мәтіндер арқылы видеолар сериясы әзірленді. Аталған видеолар ұлттық нақыштағы киімдер, тұрмыстық және зергерлік бұйымдар туралы, деп хабарлады Тіл білімі институтының маманы Эльмира Өтебаева. 

"Мәдени-репрезентативті ішкорпусына берілген мультимедиялық база мектеп оқушыларына, студенттерге, қазақ тілін ана тілі ретінде білетін және оны жаңадан үйренуші тілұстармандарға этномәдени құндылықтарды бейнероликтер арқылы тез қабылдауына, ұлттық сана-сезімін оятуға, мәдени құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бейнероликтер қазақ тіліндегі этнографизмдердің лексикалық мағынасы және ашық/жабық кодта сақталған мәдени-семантикалық белгіленімі қойылған мәтіндер арқылы дайындалды", – деді Эльмира Өтебаева. 

Мемлекеттік орталық музейден, "Жаркент мешіті" сәулет-көркемөнер музейінен ұлттық нақыштағы киімдер –  сәукеле, кимешек, кәзекей, тұрмыстық бұйымдар – алаша, сырмақ, тұскиіз, зергерлік бұйымдар – сырға, жүзік, сақина, білезік және  т.б. арнайы суретке түсірілді. 


Оқи отырыңыз: Сәкен Сейфуллиннің еш жерде жарияланбаған видеосы табылды


Тілдік және мәдени ақпараты ашылған мәтіндерді дауыс мәнерін, дауыс ырғағын, мазмұндық ой екпінін дұрыс қоя білетін жоба орындаушысы аудио таспаға түсірген.

"Программист аудио мен суреттерді байланыстыру арқылы видеороликтер әзірледі. Нәтижесінде 18 видеоролик әзірленді: айсырға, алтыбақан, андыз, асату, атжабу, бауырсақ, білезік, кимешек, қамшы, сәукеле, алаша, амандасу, бәйге, кәде, кәзекей, көкпар, тұсаукесер, сексеуіл. Мәдени ақпарат жан-жақты қамтылған мәтіндер базасының IT-әзірлемесі пайдаланушының түрлі сұранысын қанағаттандыруға ыңғайланған іздеу жүйесімен қамтамасыз етіледі. ҚТҰК мәдени-репрезентативті ішкорпусындағы "Бейнебаян" батырмасына орналастырылды. Этномәдени бірліктердің иллюстрациялық базасын жинақтау жұмысы бойынша алдағы уақытта мағыналық құрамында мәдени-танымдық ақпараты бар этномәдени атаулар туралы белгілі этнолог-ғалымдардан аудио ақпараттар мен бейнероликтер түсіру  жұмыстары жоспарланып отыр", – деп қосты ғалым. 

Материалдар алдағы уақытта корпус базасына толықтай енгізілетін болады. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары